Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Велосипед" ЖПІШ: Павлодарда полицейлер велосипед ұрлығының алдын алуда

Павлодар және Екібастұз қалаларында 9 маусым мен 31 шілде аралығында велосипед ұрлығының алдын алу және жолын кесуге бағытталған "Велосипед" профилактикалық іс-шарасы өткізілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Осы кезеңде полиция қызметкерлері азаматтардың мүлкін қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау мақсатында тұрғын үй аулалары мен көпқабатты үйлердің кіреберістерін патрульдеуде.

Тексеру жұмыстары тұрғын үй аулаларында да, көпқабатты үйлердің кіреберістерінде де жүргізілуде. Негізгі мақсат – бөтеннің мүлкін, әсіресе велосипедтерді ұрлаудың алдын алу және жолын кесу. Полицейлер ерекше назарды қараусыз әрі қорғаныс құралдарынсыз қалдырылған, кез келген адамның еркін қол жеткізуіне мүмкіндік бар велосипедтерге аударуда.

– Көп жағдайда қараусыз қалған велосипедтер балаларға тиесілі болады. Олар көліктерін аулаларда немесе подъездерде бақылаусыз қалдырады. Мұндай жағдайларда полиция қызметкерлері велосипед иелерін анықтау шараларын жүргізеді. Егер иесі бірден табылмаса, велосипед Павлодар қаласының полиция бөлімдеріне жеткізіліп, қажетті құжаттар рәсімделгеннен кейін заңды иесіне қайтарылады. Мұндай іс-шаралар велосипед ұрлығының алдын алуға, сондай-ақ азаматтардың өз мүлкінің сақталуына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға бағытталған, – дейді Павлодар облысы полиция департаментінің өкілдері.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, велосипед иелері келесі жайттарды білуі қажет:

- Қараусыз қалған велосипедтер полиция қызметкерлерімен уақытша алынып, полиция бөлімшесіне жеткізілуі мүмкін. Егер сіздің немесе балаңыздың велосипеді аулада не подъезде құлыпсыз әрі қараусыз тұрса, оны бөлімшеге апару ықтималдығы бар.

- Бұл не үшін жасалады? Велосипед иесі оралғанға дейін оны ұрлап кетудің алдын алу үшін. Бұл – ұрлықтың алдын алуға бағытталған мәжбүрлі профилактикалық шара.

- Велосипедті қайдан іздеу керек? Егер велосипед әдеттегі тұрған орнынан жоғалып кетсе, Павлодар қаласының полиция бөлімдеріне хабарласу қажет. Қажетті рәсімдерден кейін ол заңды иесіне қайтарылады.

Полиция азаматтарға келесі қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді:

- Велосипедті подъездерде қалдырмаңыз. Бұл – ұрылар жиі таңдайтын орындардың бірі.

- Тіпті бірнеше минутқа ғана алыстасаңыз да, сенімді құлыптарды пайдаланыңыз.

- Балаларыңызға велосипедті аулада немесе басқа жерлерде қараусыз қалдыруға болмайтынын түсіндіріңіз.

Полиция қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау арқылы велосипед ұрлығының алдын алуға болатынын еске салады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру