Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл колониясының сотталғандарына смартфондар сатпақ болды

Жамбыл колониясының сотталғандарына смартфондар сатуға тырысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

2021 жылғы 15 маусымда Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ЖД-158/7 төтенше қауіпсіз мекемесінің қызметкерлері Ұлттық ұланның әскери қызметшілерімен бірге ірі сәлемдемені тәркіледі.

Жеке кәсіпкердің біріне тиесілі автокөлікті тексеру кезінде колония қызметкерлері кесілген ағаш материалдарының арасынан жасырылған 52 бірлік ұялы байланыс құралдарын (27 смартфон мен 25 түймелі ұялы телефон) тауып алып, заңсыз әрекеттің жолы кесті. Сәлемдеме фольгаға мықтап жасырылып, ағаш блоктарға мөрленген.

Алдын ала мәліметтер бойынша, тәркіленген телефондарды осы колониядағы сотталғандар ақшаға “тапсырыс берген”. Ал жеткізуші режимдік объект аумағында орналасқан жеке кәсіпкерліктің директоры болды. Жұмыс істеушікәсіпорын 2021 жылғы ақпаннан бастап маманданған ағаш өңдеумен айналысып, сотталғандарды жұмыспен қамтиды. Бүгінде мұнда 25 сотталған жұмысқа орналастырылды.

– Алты ай ішінде ЖД-158/7 төтенше қауіпсіз мекемесінде колонияның бүкіл тарихында тыйым салынған заттардың рекордтық саны (137 ұялы телефон, 14 сим-карта, 26 зарядтау құрылғысы, бес батарея, 15 жұп құлаққап және екі USB-адаптер) алынды. Соңғы уақытта арам пиғылды жеке кәсіпкерлермен сотталғандар арасындағы жиілеп кеткен заңсыз мәмілелер бақылауды күшейтуді және кәсіпорындардың қызметін тұрақты тексеруді талап етеді. Мекеменің бақылау-өткізу пунктінің (БӨП) жұмысын, оны ұстау режимін және патрульді күшейтуге қарамастан, заң бұзушылар оларды режимдік объектінің аумағына жеткізудің түрлі айла-амалдарын ойластырады. Сонымен қатар үлкен автокөліктерді тексеру жабдықтарының жоқтығына қарамастан, мекеме қызметкерлері жедел ақпарат бойынша тыйым салынған заттарды өздері анықтайды, – деп атап өтті Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД бастығының міндетін атқарушы Теңізжан Жәнібеков.

ҚАЖД басшылығы атап өткендей, бұл бірінші жағдай емес. Осыған ұқсас оқиға ағымдағы жылдың сәуір айында орын алды, онда 85 ұялы телефон табылып, тәркіленді. Сонымен қатар тәртіп бұзушылар сол жүйе бойынша жұмыс істеді. Олар оны ағаш жеткізу сылтауымен тасымалдап, бірақ өткен жылдың қазан айынан бастап колония аумағында жұмыс істейтін басқа ағаш өңдеу кәсіпорны үшін алып жүрген.

Кәсіпорын иесі Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 481-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, жеке кәсіпкерлікпен келісім шарт бұзылды.

Осы жылдың өзінде тыйым салынған заттарды өткізу фактілері бойынша 15 адам әкімшілік, тағы 13 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру