Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында қылмыстар саны 13 %-ға төмендеді

16 маусымда Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Шамшидин Амитовтың қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы көлемінде 2021 жылдың бес айында тіркелген қылмыстар саны 13 пайызға төмендеді, оның ішінде ауыр, аса ауыр, ұрлық , пәтер ұрлығы, мал ұрлығы , тонау, бұзақылық қылмыстары бар.

Қоғамдық орындарда, көшеде, мас күйінде, отбасы-тұрмыстық саласында жасалған қылмыстар саны азайды.

Дегенмен мал ұрлығы қылмыстары алаңдатушылық туғызуда. Облыс көлемінде мал ұрлығының 104 дерегі тіркеліп, оның 28-і ашылды. Мал ұрлығын жасаған 24 адам ұсталып, төрт қылмыстық топ құрықталды. Олармен жасалған 31 қылмыс әшкереленді.

Ағымдағы жылы пәтер ұрлығының 102 дерегі тіркеліп, оның 47-і ашылды. Пәтер ұрлығының 75-і немесе 74 пайызы Қызылорда қаласында орын алған. Пәтер ұрлығымен айналысқан 31 адам ұсталып, екі қылмыстық топ құрықталды, олармен жасалған 47 қылмыс әшкереленді.

Есепті мерзімде 409 алаяқтық қылмысы тіркеліп, өткен жылдан 63 пайызға өскен. Орын алған алаяқтықтың 268 дерегі немесе 65 пайызы интернет немесе әлеуметтік желі (онлайн сауда жасау) арқылы жасалған (Qiwi кошелек, ОLX жарнамасы және т.б.). Сондықтан сақтық шараларына ерекше назар аударып, ең алдымен заң қызметкерлерінен қажетті кеңестер алу қажет. Сонымен қатар интернет аялаяқтық қылмысының алдын алу үшін полиция қызметкерлерімен интернет желісіндегі күмән тудыратын сайттарын бұғаттау жұмыстары жүргізілуде.

Ағымдағы жылдың бес айында тіркелген жол көлік оқиғалары 14 пайызға, онда дене жарақатын алғандар 10 пайызға азайғанымен, қайтыс болғандардың саны 33 пайызға көбейген.

Республикалық маңызы бар үлкен жолдарда 16 жол-көлік оқиғасында тоғыз адам қайтыс болып, 19-ы түрлі дене жарақаттарын алған. Қараусыз жүрген үй жануарын қағу дерегімен тіркелген екі оқиға салдарынан бес адам дене жарақатын алған.

Бұл жағдайда қараусыз қалған малдың иесіне қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 408-бабымен 144 мал иесіне әкімшілік шара көрілген.

Талдау көрсеткендей, жол көлік оқиғаларының орын алуының негізгі себептері – жүргізушілердің белгіленген жылдамдықты асыруы, мас күйінде көлік басқару, басып озу ережесін бұзу, қарама-қарсы жолға шығу.

Жыл басынан жол қозғалысын бұзудың 42 680 дерегі, оның ішінде жол көлік оқиғасының орын алуына тікелей әсер ететін автокөлікті құжатсыз басқарудың 1 524, қарсы бағытқа шығудың 114 дерегі, автокөлікті мас күйде басқарған 383 жүргізуші ұсталып, оның 350-і әкімшілік қамауға алынды. Мас жүргізушілердің қатарында әйел азаматшалар да кездесуде. Сондай-ақ балалардың қатысуымен 25 жол көлік оқиғасы тіркеліп, 33 бала дене жарақатын алса, бір жасөспірім қайтыс болды.

Мамырдың 17-сі мен маусымның 16-сы аралығында “Қауіпсіз жол” шарасы өтуде. Бұл шараның 30 күнінде жол қозғалысы ережесін бұзудың 10 мыңнан астам дерегі және көлік құралын масаң күйде басқарудың 104 дерегі анықталып, 694 автокөлік айып алаңдарына қойылған.

Қоғамдық қауіпсіздік пен отбасы саласындағы қылмыстық ахуалды тұрақтандыру бағытында 9-16 маусым аралығында “Тұрмыс” шарасы ұйымдастырылуда. Шара барысында 150 адамға қорғау нұсқамасы шығарылса, 17 адамның мінез-құлқына сотпен ерекше талаптар белгіленді. Ата-аналық міндетін орындамаған төрт ата-анаға қатысты құқынан айыру жөнінде ұсыныс келтірілді.

Жасөспірімдердің арасындағы қылмысты болдырмау үшін 11-17 маусым аралығында “Түнгі қаладағы балалар” іс-шарасы өткізіліп, 252 кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Заңсыз айналымдағы қаруларды анықтау мақсатында 17 мамыр мен 17 маусым аралығында “Қару” профилактикалық шарасы жүргізіліп, нәтижесінде 9 378 қару иелері тексеріліп, 167 құқық бұзушылық анықталды.Заңсыз айналымнан 52 дана қару, бір дана жарылғыш зат және патрондар алынды.

Шетелдіктермен және оларға қарсы жасалған қылмыстардың алдын алуда 7-16 маусым аралығында “Мигрант”  шарасы жүргізілуде. Шараның сегіз күнінде көші-қон заңнамаларын бұзған 569 шетелдік анықталып, 29 Өзбекстан Республикасының азаматы ел аумағынан аластатылса, 86 адам жеке басын анықтайтын құжаттары болмауына байланысты арнайы қабылдау орнына жатқызылған.

Көшелерде қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыс орталығында 272 дана бейнебақылау камералары орнатылған. Бейнебақылау камераларының көмегімен 53 қылмыс ашылса, 8 341 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.

Ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап облыс және барлық аудан орталықтарында “102” мобильді қосымшасы іске қосылды. Қосымшаның ерекшелігі – оқиға орнынан бейне қоңырау жасауға, фото, видео жіберуге мүмкіндік береді. Бұл ретте жедел басқару орталығының операторлары орын алған дерекке, жедел ден қою шараларын қабылдай алады.

Назар аударатын күрделі мәселе – тұрғындардың тыйым салынған жерлерге суға шомылуы.

Бүгінгі күнге суға кетудің 19 дерегі тіркелсе, оның 13-і кәмелетке толмағандар. Оның себебі жасөспірімдердің қараусыз жүру салдарынан орын алуда. Рұқсат етілмеген жерлерде суға шомылу бойынша сегіз адамға қатысты ӘҚБтК 364-бабы (Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу) бойыша әкімшілік хаттама рәсімделді

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру