Жамбыл облысы ПД-да оқушыларға арналған ашық есік күні өткізілді
Жамбыл облысы полиция департаментінде оқушыларға арналған ашық есік күні өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Биыл Жаңару күні цифрлық даму мен жаңа технологиялар аясында өтуде. Бұл үрдіс бүгінде қауіпсіздік саласы мен полиция қызметіне де кеңінен енгізіліп жатыр. Осыған орай Жамбыл облысы полиция департаментінде "Жас сақшы" сыныптарының оқушыларына арналған ашық есік күні ұйымдастырылды.
Оқушылар үшін бұл жай ғана экскурсия емес, мамандыққа тереңірек үңілу мүмкіндігі болды. Олар полиция қызметінің ішкі жұмысымен танысып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тіпті қызметкер рөлінде өздерін сынап көрді.
Кинологиялық қызметтің көрсетілімдері ерекше қызығушылық тудырды. Қызметтік иттердің қылмыс іздерін анықтау әдістері көрсетіліп, оқушылар олардың жұмысын зор ықыласпен тамашалады. Кейбір оқушылар кинологтармен бірге тапсырмаларға да қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Сондай-ақ оқушылар криминалист және патрульдік полиция қызметкерлерінің рөлінде болып, арнайы құрал-жабдықтармен танысты және қызмет барысында кездесетін тапсырмаларды орындап көрді.
Іс-шара аясында Халық Қаһарманы Ғазиз Байтаcовты еске алуға арналған ерлік сабағы өтті. Оқушыларға батырдың ерлігі, антына адалдығы мен қызметтік борышына деген беріктігі туралы айтылды.

Сонымен қатар қатысушыларға есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімдерінің, патрульдік полицияның жұмысы таныстырылып, заманауи технологиялар арқылы қала қауіпсіздігі қамтамасыз етілетін жедел басқару орталығының мүмкіндіктері көрсетілді.
Аталған іс-шара оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың болашақ мамандық таңдауына да оң ықпал етті.
