Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жолдағы тәртіп — адалдықтан басталады

Ұлытау облысы полиция департаменті аймақ жолдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған "Пара ұсынба!" кең ауқымды профилактикалық акциясын өткізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Акцияның басты мақсаты — жүргізушілер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және жол қозғалысы ережесін бұзған жағдайда мәселені заңсыз жолмен шешу әрекеттеріне тосқауыл қою.

Көптеген азамат жауапкершіліктен құтылу үшін полиция қызметкеріне ақша ұсынуды жөн санайды. Алайда, бұл — ауыр қылмыс. ҚР Қылмыстық кодексінің 367-бабына сәйкес, лауазымды тұлғаға пара беру ірі көлемде айыппұл салуға, мүлкін тәркілеуге немесе белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айыруға әкеп соғады. Пара алушы да, пара беруші де заң алдында бірдей жауапты.

— Бүгінде Ұлытау облысының патрульдік полиция қызметкерлері заманауи бейнетіркегіштермен толық жабдықталған. Полиция қызметкері мен жүргізуші арасындағы әрбір диалог үзіліссіз бейне және аудио таспаға жазылады. Бұл кез келген заңсыз әрекеттің дер кезінде анықталуын және ашықтықты қамтамасыз етеді, — деп атап өтті департамент өкілдері.

Полиция барлық жол қозғалысына қатысушыны заңды құрметтеуге шақырады. Жолдағы қауіпсіздік — бұл тек ереже сақтау емес, бұл әрбір азаматтың ішкі мәдениеті мен адалдығы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру