Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы азаматтарды жеке қабылдады

Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин кезекті рет тұрғындарды арыз-шағымдары бойынша қабылдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Азаматтардың мәселелері негізінен — алаяқтық, ұрлық, жол-көлік оқиғасы деректері бойынша қылмыстық істерді тергеу, істерді қарау кезіндегі созбалаңға салу, отбасылық-тұрмыстық жағдайлар мен алимент төлемеу мәселелері турасында болды.

Жамбыл облысы ПД бастығы Арманбек Баймурзин қабылдауға жазылғандар арасында полициямен бiрлесе жұмыс жасап, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздіктi қамтамасыз етуде өз үлесін қосып жүрген азаматтардың да болғанын атап өтті. Олар полиция қызметкерлерінің күні-түнi қала тыныштығын сақтаудағы еңбектеріне алғыстарын бiлдiре отырып, әрқашан қолдау көрсетуге дайын екендіктерiн жеткізді.

Қабылдаудан кейін Арманбек Хакимбекұлы Тараз қаласы орталығындағы Әйтеке би көшесі, 30-үй ауласындағы мәселелерді өз көзімен көрiп, аумақты егжей-тегжейлi тексеру үшін сол жерге барды. Аталмыш үй тұрғындары ауладағы бейнекамералардың орналасуын реттеу, жастармен орын алатын тәртіпсіздіктерді учаскелік полиция қызметкерлерінің қадағалауын, сондай-ақ осы аулада заңсыз есірткі саудасының интернеттегі сайттарын жарнамалаушыларды назарға алуын сұраған болатын. Әрбір азаматтың тiлегiн мұқият тыңдап, айтылған жайларды тексерiп, тиісті бөлiмдерге дер кезінде орындауға бірқатар нақты тапсырмалар берілді.

– Жалпы, азаматтармен жеке кездесу – “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын жүзеге асыру барысындағы ең тиімді құрал. Өйткені әрбір қабылдауға қатысушы қоғамдағы орын алып жатқан және баршаға қатысты мәселелермен жүгінеді. Оларға уақтылы ден қою азаматтармен сенімді қарым-қатынас тетіктерін қалыптастырады және сервистік полицияның берік негізін қалайды, – деп атап өтті өңірдің бас полицейі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру