Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында электровоздың әйнегін сындырған үш жасөспірім ұсталды

Көлік полицейлері Жамбыл облысында электровоздың әйнегін сындырған үш жасөспірімді анықтап, ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері жыл басынан бері түрлі құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 28 301 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сондай-ақ құқық бұзушылықтарға “мүлдем төзбеушілік” қағидаты бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп, нәтижесінде ұсақ бұзақылық жасаған 443 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осы жылдың 7 айында департаментте жолаушылар пойыздарының әйнектерін сындыруға қатысты 49 факт тіркелді. Бұл туралы департамент бастығының міндетін атқарушы Мадияр Айтуганов мәлімдеді.

М.Айтуганов көлік полицейлерінің теміржол көлігі объектілерінде жазатайым оқиғалар мен теміржолға бөгде заттар қоюдың, сондай-ақ жолаушылар пойыздарының әйнектерін сындырудың алдын алуға бағытталған іс-шараларды үнемі жүргізіп отыратындығын айтты. Алайда ұдайы жүргізілетін түсіндіру жұмыстарына қарамастан, жасөспірімдердің теміржол жиегінде ойнауы, өтіп бара жатқан құрамдарға тас лақтыруы, рельстерге бөгде заттарды қоюы сияқты іс-әрекеттер тоқтамай тұр. Әсіресе, полицейлерді мұндай келеңсіз әрекеттерге кәмелетке толмағандардың жиі қатысуы алаңдатады.

Мысалы, 6 тамызда Тараз станциясындағы желілік полиция бөліміне Ақыртөбе Ақшолақ аралығында белгісіз тұлғалардың электровоздың алдыңғы әйнегін сындырғаны туралы хабарлама келіп түскен. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Тараз станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері құқық бұзушылық жасаған үш кәмелетке толмаған баланы анықтап, ұстады.

Полицейлер оларға ата-аналарының қатысуымен профилактикалық әңгіме жүргізді. Жасөспірімдер жасаған әрекеттерін мойындады.

Ал олардың ата-аналарына ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабының 1-бөлігі (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.

– Болған оқиғаның негізгі себептері – ата-аналар тарапынан кәмелетке толмаған балалардың мінез-құлқына тиісті бақылаудың болмауы. Ең алдымен, ата-аналар балаларға аса қауіпті аймақта жүріп-тұру ережелерін үйретіп, оның ойынға арналған орын емес екенін жіті түсіндірулері қажет, – дейді М.Айтуганов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру