Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында нашақорлықтың алдын алу айлығы басталды

Жамбыл облысында нашақорлықтың алдын алу айлығы басталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған республикалық айлықтың ресми ашылуы ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Ержан Сәденовтің қатысуымен өтті.

Бейнеконференциялық байланыс режимінде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Талғат Мамаев, Полиция департаменті бастығының орынбасары Нұржан Рахметуллаев, ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Дінмұхамбет Қойториев, жергілікті атқарушы органдардың, “Еріктілер қозғалысы” үкіметтік емес ұйымдарының, “Сұңқар” еріктілер қозғалысының, “Жібек жолы” жастар ұйымының және “Алға” қоғамдық қорының өкілдері қатысты.


Кеңес барысында қатысушылар синтетикалық есірткілердің, оның ішінде интернет-ресурстар арқылы таралуының алдын алу, сондай-ақ халық арасында алдын алу жұмыстарын жандандыру мәселелерін талқылады.

Айлық барысында біздің облыста психологтардың, әлеуметтік қызметкерлердің, салалық мамандардың кеңес беруімен ашық есік күндері өтеді.


Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің, волонтерлар мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен бірқатар алдын алу іс-шаралары ұйымдастырылатын болады. Атап айтқанда, нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында жастар арасында спорттық-мәдени, қайырымдылық іс-шараларын, семинарлар, кездесулер мен дәрістер өткізу жоспарлануда.

Айта кетейік, жыл басынан бері Жамбыл облысы ПД ЕҚҚІБ қызметкерлері есірткі құқық бұзушылықтарының 235 дерегін, оның ішінде 86 қылмыс, 149 қылмыстық теріс қылық, үш контрабанда фактісін анықтады. Заңсыз айналымнан барлығы 605 келіге жуық есірткі заттары тәркіленді.

Естеріңізге сала кетейік, 1987 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күні 26 маусымда атап өтіледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру