Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүрген жасөспірімдер анықталды

Жамбыл облысында екі күнде түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүрген 143 жасөспірім анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбыл облысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, балалардың құқықтарын қорғау және жасөспірімдер қылмысының профилактикасына бағытталған "Жасөспірім" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Іс-шара аясында полиция қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп профилактикалық рейдтер жүргізіп, жастар көп жиналатын орындарды тексеріп, профилактикалық есепте тұрған отбасыларға барып, сондай-ақ жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Іс-шараның алғашқы екі күнінде түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз үйден тыс жүрген 143 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды. Профилактикалық есепке 11 адам қойылды, оның ішінде 4 кәмелетке толмаған және 7 қолайсыз отбасы бар.

Өткізілген іс-шаралардың қорытындысы бойынша 166 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 31 ата-ана балаларын тәрбиелеу және асырау жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапқа тартылды. Сонымен қатар профилактикалық есепте тұрған 197 адамның тұрғылықты жері бойынша тексеру жүргізілді.

Жалпы 176 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Оның 31-і ата-аналардың бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін тиісінше орындамауына байланысты болса, 143-і кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз үйден тыс немесе ойын-сауық орындарында жүруіне қатысты болды.

Полиция қызметкерлері жазғы демалыс кезінде балаларды бақылауда ұстау көптеген оқыс оқиғалар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік беретінін еске салады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру