Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында жасөспірімдердің 130-дан астам заңды өкілі жауапқа тартылды

Жамбыл облысында жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың 130-дан астам заңды өкілі жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Жамбыл облысының полиция қызметкерлері үнемі рейдтік іс-шаралар кешенін өткізеді. Кезекті рейд жұмыстары барысында сегіз ойын-сауық мекемесінен сағат 22:00-ден кейін ересектердің еріп жүруінсіз болған 20 жасөспірімді анықтады. Кәмелетке толмағандардың ата-аналарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы 1-бөлігімен (Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуы) әкімшілік хаттамалар жасалды.

Ал ойын-сауық мекемелерінің иелері ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабымен (Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол беру) әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 айлық есептік көрсеткіште айыппұл төледі. Сонымен қатар 21 жасқа толмаған адамға ішімдік сату деректері бойынша үш дүкеннің иесі ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабы 1-бөлігімен (ҚР-ның алкоголь өнімін өткізу жөніндегі заңнамасының талаптарын бұзу) жауапкершілікке тартылды.

7 күн ішінде облыста 43 рейд жүргізілді, оның барысында ІІО-ға 62 кәмелетке толмаған жасөспірім жеткізілді. 132 ата-ана мен өзге де ересек адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 6 жасөспірім және 2 қолайсыз отбасы есепке алынды. Қаңғыбастық үшін екі жасөспірім Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.

– Ювеналды полицейлердің жалпы міндеті – балаларда болуы мүмкін мәселелердің алдын алу және қиындықтардан қорғау. Ата-аналарға хабарласып, балаларының бос уақыты мен қоршаған ортасын бақылап, назарда ұстауын ескертеміз. Кәмелетке толмағандардың түрлі құқыққа қайшы әрекеттер жасауына көбіне негізгі себеп ата-ана мен бала арасындағы тәрбие байланысының болмауынан туындайды, – деді облыстық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция тобының аса маңызды тапсырмалар жөніндегі инспекторы Әлішер Қалышев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру