Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да бес күнде 24 жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылды

СҚО-да бес күнде 24 жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

СҚО-да бес күн ішінде 24 жүргізуші 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Олардың барлығын полицейлер “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында мас күйде көлік жүргізген кезінде ұстады.

Мұндай фактілерді анықтау 13-17 қаңтар аралығында өткізілген іс-шараның маңызды бағыттарының бірі болды. Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылында полицейлер құжаттарын тексеру мақсатымен 20 жастағы жергілікті тұрғын басқарып келе жатқан Mazda автокөлігін тоқтатты. Алкогольдің иісі білінбеді, бірақ жас жігіттің сырт келбеті мен іс-қимылы күмәнді көрінді. Тәртіп сақшылары оған медициналық тексеруден өтуді ұсынды. Күдік расталды. Жігіт есірткілік масаң күйде болып шықты. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы бойынша хаттама толтырылды. Баппен 15 тәулік әкімшілік қамауға алу және 7 жылға көлік басқару құқығынан айыру көзделген.

– СҚО жолдарындағы апаттылыққа жасалған талдау 2022 жылы мас жүргізушілердің кінәсінен жасалған жол-көлік оқиғаларының саны 2021 жылмен салыстырғанда 20 пайызға азайғанын көрсетті. Десе де, солтүстікқазақстандықтар әлі де көлік тізгініне алкогольдік ішімдіктер ішіп отыруды тыятын емес. Мұндай жағдайлардың әрқайсысы қайғылы жағдайларға апарып соғуы мүмкін. Олар айналадағы адамдардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді. Өткен жылы облыста 845, ал жақында өткен жедел-профилактикалық іс-шара барысында 24 мас жүргізуші ұсталды, – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Іс-шара өткен уақытта жол жүрісі қағидаларының жалпы 1685 түрлі бұзушылығы анықталды. Ең жиі жасалған бұзушылық – қауіпсіздік белдігін пайдаланбау, мұндай 178 факті анықталды. Бұдан бөлек, 117 жүргізуші көлік жүргізу кезінде телефонды пайдаланды, 112-сі жылдамдықты арттырды, 31-і маневр жасау ережелерін бұзып, 21-і бағдаршамның тыйым салынған түсіне өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру