Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында азамат жоқ пәтер үшін жарты миллион теңге берген

Жамбыл облысында полицейлер кезекті рет алаяқтық дерегін әшкереледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жылдан-жылға халықты алдауды кәсіп қылған алаяқтардың әрекеттері сан алуан және айла-әдістері күрделеніп келеді. Полицейлердің ұдайы алдын-алу шараларын жүргізіп, қаржы мәселесінде сергек болуға шақырған ескертулеріне қарамастан, қаржылық сауатты екеніне сенімді, тіпті өзін алдау мүмкін емес деп ойлайтындардың өздері де алаяқтардың арбауына шырмалып жатыр.

Алаяқтық деректері бойынша полицияға жиі жүгінетін азаматтардың шағымдары осыған дәлел.

Мәселен Қордай ауданының полиция бөліміне 23 жастағы жергілікті тұрғын хабарласып, бірнеше ай бұрын мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алуға көмектесуге уәде берген танысына жарты миллион теңге бергенін айтып шағымданған.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері 26 жастағы күдіктіні анықтап, ұстады.

Тергеу іс-шараларын жүргізу барысында оның 2021 жылы тағы бір азаматшаға тұрғын үй сатып алуға көмектесуге уәде беріп, 550 мың теңгесін алдап алғаны белгілі болды.

Бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды, ол уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Жамбыл облысының полиция департаменті оқуға қабылдауға, жұмысқа орналасуға, жылжымайтын мүлік алуға немесе қандай да бір құжаттарға қатысты делдал болуға уәде берген адамдарға сенбеу қажеттігін қатаң ескертеді. Мемлекеттік қызметтерді тек арнайы мемлекеттік органдарда немесе ресми порталдардан алу керек.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру