Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбылда “Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн” акциясы өтуде

Жамбыл облысында “Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн” акциясы өтуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбыл облысында 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында “Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн” республикалық акциясы аясында іс-шаралар басталды. Басты мақсат – үйдегі зорлық-зомбылық пен адам саудасының алдын алу және оған қарсы әрекет ету.

Акцияның негізгі міндеті – халықтың қалың жігін тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасымен таныстыру, өз құқықтары туралы хабардар ету, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу, профилактикалық есепте тұрған және әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жасауға бейім адамдарды толық қамту, сондай-ақ адам құқықтарын қорғауға қатысты күш-жігерді арттыру бойынша мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық бірлестіктердің қызметін жандандыру.

Облыстың барлық мекемелерінде әйелдердің өз құқықтары мен қорғау нысандары туралы құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру бойынша семинарлар мен брифингтер ұйымдастырылды. Акцияға проблемалы отбасылар мен ішкі істер органдарының есебінде тұрған адамдарға бару да кіреді. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың ең көп таралған түрі-ерлі-зайыптылар арасында жанжалдар туындаған кездегі отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық. Полиция қызметкерлері осындай отбасылық жанжалдарды белсенді түрде анықтап, олармен алдын алу жұмыстарын жүргізуде.

– Жыл басынан бері отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін 721 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жәбірленушілерді қорғау үшін 2607 қорғау ұйғарымы шығарылды, 84 әйел Дағдарыс орталығына орналастырылды, – деп хабарлады Жамбыл облысының Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Рахымберді Әшкеев.

Сіздің өміріңізге және денсаулығыңызға қауіп төнген жағдайда кез келген тәсілмен көмек шақыруға және болған жағдай туралы полицияға хабарлауға тырысыңыз: 102 телефоны бойынша ауызша өтініш жасауға, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдер үшін Жамбыл облыстық Дағдарыс орталығының тәулік бойы жұмыс істейтін сенім телефонына 8 (7262) 45- 67- 83 хабарласуға болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру