Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбылдық полицейлер үш күнде 4 тоннадан астам күкірт қышқылын тәркіледі

Жамбыл облысында “Дәрмек” іс-шарасының үш тәулігінде 32 келіден астам әртүрлі есірткі заты және 4 тоннадан астам күкірт қышқылы тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

5-9 қыркүйек аралығында Жамбыл облысының аумағында “Дәрмек” республикалық кең ауқымды жедел алдын алу іс-шарасы жүргізілуде.

3 тәулік ішінде Жамбыл облысының ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі қылмысына қатысты 33 құқық бұзушылық дерегін анықтады, оның ішінде  ҚР ҚК 297-бабы (Аса ірі мөлшерде есірткіні өткізу мақсатында заңсыз сақтау) бойынша бір дерек, ҚР ҚК 296-бабының 4-бөлігі (Аса ірі мөлшерде есірткіні өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтау) бойынша – 3 дерек, ҚР ҚК 286-бабының 1-бөлігі (Контрабанда) бойынша бір дерек тіркелді.

ҚР ҚК 296-бабының 1,2,3-бөлігі (Қоғамдық орындарда есірткіні медициналық емес тұтыну; есірткіні өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтау) бойынша қылмыстық теріс қылықтардың 8 дерегі  анықталды. Сондай-ақ, әкімшілік құқық бұзушылықтың 20 дерегі тіркелді, оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 426-бабының 1-бөлігі (Дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналымы саласындағы фармацевтикалық қызмет қағидаларын бұзу) бойынша – 8 дерек, ҚР ӘҚБтК-нің 427-бабының 1-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласындағы объектілер мен үй-жайлардың техникалық нығайтылу талаптарын бұзу) бойынша – 12 дерек.

Жедел алдын алу іс-шарасын өткізу кезінде облыс бойынша 30 дәріхана, екі емхана, үш емдеу мекемесі, бір мекеме және бір зауыт тексерумен қамтылды.

Үш тәулік ішінде заңсыз айналымнан 32 келі 094 гр түрлі есірткі құралдары алынды. Атап айтқанда, 884,12 гр апиын, 30 келі 919 гр кептірілген марихуана, 291 гр 37 мгр гашиш, психотроптық заттардан: 100 ампула реланиум, 50 ампула промедол.

– Облыс аумағында орналасқан зауытты тексеру барысында есірткінің ауыр түрлерін өндіру кезінде құрамдас компонент болып саналатын 4 тонна 112 келі “күкірт қышқылы” прекурсоры тәркіленді. Аталған дерекке қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 427-бабы (Прекурсорлар, психотроптық заттар, есірткі құралдары айналымы саласында тұрғын жайлар мен нысандарды техникалық нығайту талаптарын бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда, – деп хабарлады Жамбыл облысының ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асқар Жұмабеков.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру