Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жанармай бекетінің қызметкері кассадан ақша ұрлап, құмар ойынға жұмсап жіберген

Түркістан облысында жанармай бекетінің қызметкері кассадан ақша ұрлап, құмар ойынға жұмсап жіберген, – деп хабарлайды Polisia.kz

Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, оның кассадағы қызметкерімен есептесу кезінде, 720 мың теңге кем болып шыққан. Содан жәбірленуші оқиғаның толық мән-жайын анықтау үшін полиция қызметкерлерінен көмек сұраған.

Тәртіп сақшылары ақпарат келіп түскен бойда бірден іске кірісті. Олар қаражаттың қайда кеткенін анықтау үшін қажетті жұмыстарды атқарды. Полицейлердің жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде қылмысқа қатысы бар күдікті анықталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.

Анықталғандай, күдікті жігіт жанармай құю бекетінде кассир операторы болып жұмыс істеген. Жас жігіт кассадан 340 мың теңгені, арада біраз күн өткен соң тағы 380 мың теңге ақшаны алған. Күдікті жігіт алған ақшаны құмар ойынға жұмсап жіберген.

Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 189-бабы (Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті емденіп алу немесе талан-таражға салу) бойынша тіркеуге алып, қазіргі таңда жігітке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру