Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмолалық полицейлер жыл басынан бері 35 есірткі қойып кетушіні ұстады

Ақмолалық полицейлер жыл басынан бері 35 есірткі қойып кетушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақмола өңіріндегі есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың, әсіресе жастар арасында алдын алу бойынша полицияның қабылдап жатқан шаралары туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сөз болды.

Спикер болып Ақмола облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Виталий Гудыменко сөз сөйледі.

Осы жылы сәтті жүргізілген арнайы операциялардың нәтижесінде жедел уәкілдер 149 есірткі қылмысын анықтады, есірткі заттарын өткізудің 46 фактісінің жолын кесті. Заңсыз айналымнан 73 келіден астам түрлі есірткі құралдары, оның ішінде 2 келіден астам “синтетика” тәркіленді.

Полицейлер елорда жанындағы аудандардың бірінде жерасты фитолабораториясын ұйымдастырған Ресей Федерациясы азаматының қылмыстық әрекетін тоқтатты. Мұнда жедел уәкілдер 19 келіден астам марихуананы тауып, тәркіледі.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде республиканың оңтүстік өңірлерінен есірткі құралдарын жеткізудің 2 арнасы жойылды, құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсірудің 4 фактісі анықталды.

Есірткімен күрес полицейлерінің негізгі бағыттарының бірі – синтетикалық есірткінің таралуына қарсы іс-қимыл, биыл облыс орталығының және облыстың басқа қалаларының көшелерінде 35 есірткі қойып кетуші ұсталды, олардың төртеуі кәмелетке толмағандар. Мәселен, наурыз айында Көкшетауда жедел уәкілдер 16 және 17 жастағы екі жігітті ұстады, олардан 800 грамнан астам психотроптық зат табылып, тәркіленді.

Жас қыздарды заңсыз жұмысқа тарту ерекше алаңдаушылық тудырады. Мамыр айында полицейлер елорданың 23 жастағы тұрғынын қолға түсірді, ол Көкшетауға есірткі жасыру үшін мақсатты түрде келген, одан құқық қорғау органдары 380 грамнан астам а-PVP психотроптық затты тауып алып, тәркіледі.

“Кибер қадағалау” арнайы бағдарламасының көмегімен есірткімен күрес полицейлері заңсыз контенті бар 41 интернет-аккаунтты анықтап, бұғаттады.

Дегенмен, нашақорлықтың таралу мәселесін шешудегі басты факторды полиция қызметкерлері алдын-алу деп санайды. Биыл тәртіп сақшылары 300-ден астам түрлі іс-шаралар өткізіп, мектеп оқушыларымен, студенттермен, еңбек жастарымен кездесулер ұйымдастырды.

Айта кету керек, өңірде есірткіге тәуелді адамдар санының азаюы байқалады: егер өткен жылы есірткі есебінде 450 адам болса, биыл олардың саны 407-ні құрайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру