Жаңаөзенде Ұлттық ұлан жауынгерлері адасып кеткен бүлдіршінді ата-анасына аман-есен табыстады
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының "Батыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты 5548 әскери бөлімінің әскери қызметшілері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша қызмет атқару кезінде адасып кеткен кішкентай баланы тауып, ата-анасына аман-есен тапсырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға кешкі уақытта Жаңаөзен қаласындағы Оразақов көшесінде орналасқан "Бөкен" базарының маңында болған. Қызмет барысында әскери жасақ жалғыз жүрген кішкентай баланы байқап қалған. Ұландықтар дереу оның жанына барып, кім екенін және ата-анасының қайда екенін анықтауға тырысқан. Алайда бүлдіршін қатты абдырап қалғандықтан, нақты мәлімет бере алмаған.
Жағдайдың маңызын ескерген әскери жасақ бастығы қатардағы Нұрдәулет Ибрай мен патрульшілер Асқар Киреев және Нұрболат Рамазан бұл туралы дереу кезекші бөлімге хабарлаған. Ұландықтардың жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің нәтижесінде баланың ата-анасы қысқа уақыт ішінде анықталып, бүлдіршін өз отбасына аман-есен жеткізілді.
— Ұлымыздың табылғанын естігенде қатты қуандық. Ол аулада балалармен ойнап жүріп, байқамай көшеге шығып кетіпті. Баламызды тауып, бізге аман-есен тапсырған Ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне шын жүректен алғысымызды білдіреміз, — деді баланың анасы.
