Жарты ғасырлық адал қызмет: ШҚО полиция ардагеріне "Құрмет" ордені табысталды
ШҚО полиция ардагеріне "Құрмет" ордені табысталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс Қазақстан облысының полиция саласында есімі ерекше құрметпен аталатын тұлға — Нұрлыбек Үдербаев. Бүгінде ол ШҚО Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарады. Оның ішкі істер органдарындағы 50 жылдан астам адал еңбегі — кәсібіне деген беріктік пен жауапкершіліктің айқын көрінісі.

Жасы сексеннен асса да, ардагер қоғамдық өмірден қол үзбей, жас қызметкерлерді тәрбиелеу ісіне белсене араласып келеді. Ол өз тәжірибесін бөлісіп, офицерлік намыс пен қызметтік сертке адал болудың маңызын үнемі насихаттайды. Ардагердің қатысуымен өтетін кездесулер жас буынның бойында отансүйгіштік пен қызметке деген жауапкершілікті арттыруға ықпал етуде.
Оның ішкі істер органдарындағы ұзақ жылғы еңбегі мен жастар тәрбиесіне қосқан үлесі ескеріліп, Нұрлыбек Ғалиұлына жоғары мемлекеттік награда — "Құрмет" ордені табысталды. Марапатты ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Президент атынан салтанатты түрде табыс етті.
Ардагер бұған дейін де "Ішкі істер органдарының еңбек сіңірген қызметкері", "ҚР ІІМ Құрметті ардагері" атақтарына ие болған. Сондай-ақ Ұлан ауданының "Құрметті азаматы" және "Құрметті ардагері" атанған.
Бұл марапат — өмірін ішкі істер органдарына арнаған ардагердің ерен еңбегіне берілген лайықты баға. Нұрлыбек Ғалиұлының өнегелі өмір жолы бүгінгі тәртіп сақшылары үшін үлкен үлгі болып қала бермек.
