Қызмет пен ұлттық тәрбиені ұштастырған өнегелі отбасы
Қызметтік жауапкершілік пен отбасылық құндылықтарды үйлестіріп, жас ұрпаққа үлгі болып жүрген жанұялардың бірі — Жетісу облысы Қаратал аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция аға инспекторы Нұрман Умаровтың отбасы, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Нұрман Исатайұлы Көксу ауданының Қойбыш ауылында дүниеге келген. 2013 жылдан бері құқық қорғау саласында абыройлы қызмет атқарып келеді. Бүгінде Қаратал аудандық полиция бөлімінде әкімшілік тәжірибе инспекторы лауазымында еңбек етіп жүр. Қызмет барысында бірнеше мәрте алғыс хаттар мен грамоталарға ие болып, тәжірибелі маман ретінде танылған.
2014 жылы Панфилов ауданы, Жаркент қаласының тумасы Әбін-Ғазиева Айгерім Нұрланқызымен шаңырақ көтерген. Қазіргі таңда олар екі баланы тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Ұлы Мансұр Нұрманұлы мектеп оқушысы, түрлі облыстық және аудандық байқаулардың жүлдегері, футбол спортына әуес. Қызы Айсана Нұрманқызы балабақша тәрбиеленушісі.
Умаровтар отбасы қоғамдық және спорттық іс-шараларға белсене қатысып келеді. 2023 жылы "Отбасы күні" аясында өткен облыстық "Жанұялы эстафета" байқауында 2-орын иеленсе, 2024 жылы "Әкем, шешем және мен" спорттық жарысында белсенділігі үшін алғысхатпен марапатталған.
Бұл отбасының басты ерекшелігі — ұлттық тәрбие мен құндылықтарды берік ұстануы. Олар балаларға отансүйгіштік, үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты асыл қасиеттерді дарытып, отбасылық дәстүрді сақтап келеді.
Нұрман Исатайұлының отбасы — қызмет пен отбасылық үйлесімділікті сақтап, тәртіп пен тәрбиені ұштастыра білген өнегелі жанұяның жарқын үлгісі.
