Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жасөспірім анасымен сөзге келіп, үйінен кетіп қалған

Алматы облысында анасымен сөзге келген 16 жастағы бозбала үйден қашып кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.

18 маусым сағат 12.00 шамасында Ақсу ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне Матай станциясының 38 жастағы тұрғыны 16 жастағы ұлының жоғалып кеткендігі туралы арызданған. Анасы және оның азаматтық некеде бірге тұратын күйеуімен сөзге келген бозбала үйден кетіп қалған. Қалдырған жазбасында, ол бөлек тұрып, колледжде оқығысы келетіндігі салдарынан кетіп қалғанын жеткізген. Хабар-ошарсыз кеткен азамат туралы арыз тіркелгеннен кейін полицейлер бірден іздестіру шараларына кірісті.

– Іздеу барысында жасөспірімнің Алматы қаласына жол тартқан пойыздан көргендер анықталды. 10 күннен астам уақыт жас жігітке белсенді іздеу жүргізілді. Ақыр соңында, Ақсу және Талғар аудандарының криминалдық полиция қызметкерлерінің бірлескен күш-жігерінің нәтижесінде оңтүстік астанадан боз бала табылып, тәрбиелік – түсіндіру мақсатындағы әңгімелесуден кейін анасына табысталды, – дейді Ақсу ауданы ПБ ЖПҚБ ювеналдық тобының аға инспекторы Қарақат Нұрлыбекова.

Жасөспіріммен бұған дейін де үйден өз еркімен кеткені үшін психологпен бірлесе ювеналды полиция қызметкерлері алдын алу әңгімелерін жүргізген. Осыған байланысты, қайта тіркелеген дерек негізінде полиция қызметкерлері тізімдік есепке қою туралы шешім қабылдау үшін кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға тиісті материалдарды жіберді.

– Келесі тәртіп бұзушылық орын алған жағдайда, егер комиссия одан әрі анасына деген бағынбаушылыққа көз жеткізсе, комиссия ҚР “Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу туралы” Заңына сәйкес, оны ерекше режимде ұстайтын арнайы білім беру ұйымдарына жіберу мәселесі бойынша материалдарды сотқа дайындау туралы шешім қабылдауға құқылы, – деп түсіндірді Қарақат Нұрлыбекова.

Сонымен қатар, полицейлер ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабына сәйкес кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін олардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне әкімшілік жауапкершілік туындайтынын атап өтті. Егер кәмелетке толмаған адам алкогольді, есірткіні пайдаланса немесе қаңғыбастықпен, қайыршылықпен айналысса, не қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасаса, бұл жауапкершілік ірі айыппұлға немесе әкімшілік қамауға дейін күшейтіледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру