Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жасөспірімдердің қауіпсіздігі бақылауда

Жетісай ауданының полицейлері жасөспірімдердің қауіпсіздігін бақылауға алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгінгі таңда Түркістан облысының Жетісай ауданында 70-тен астам мектеп жұмыс істейді, онда 44,5 мыңнан астам оқушы білім алады. Сонымен қатар, аудан аумағында төрт колледж, бір университет және екі мектеп-интернат бар. Аталған оқу орындарында Жетісай АПБ жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция тобының 20 инспекторы жұмыс істейді. Олар жасөспірімдер қылмысының алдын алу және кәмелетке толмағандарға қатысты құқықбұзушылықтардың жолын кесу бойынша тұрақты қызмет атқаруда.
Қазіргі уақытта бүкіл әлем бойынша covid-19 коронавирустық инфекциясының таралуына, карантинді енгізілуіне, оқушылар мен студенттердің қашықтықтан оқыту нысанына көшуіне байланысты ювеналдық инспекторлар отбасыларға арнайы барып, қиын тәрбиеленетін жасөспірімдердің ата-аналарымен кездесуде. Олармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, бүгінде есепте әлеуметтік осал топ, көпбалалы отбасылардан шыққан 360 оқушы, оның ішінде жеке күтімді қажет ететін ерекше қажеттіліктері бар балалар тұрады, олар денсаулық жағдайына байланысты үйде оқиды.

Жетісай АПБ ЖПҚ қызметкерлері осындай отбасылардың біріне барып, мектеп оқушысымен әңгімелесті, оның көңіл-күйін біліп, сыйлықтар табыс етті. Өз кезегінде, оқушының ата-анасы тәртіп сақшыларына көрсетілген көмек үшін алғыстарын білдірді.

Сондай-ақ, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуда Жетісай ауданының полицейлері білім беру өкілдерімен және басқа да мүдделі органдармен бірлесіп, “Жасөспірім”, “Мектеп және отбасы”, “Мектептегі құқықтық тәртіп”, “Түнгі қаладағы балалар” және т.б. жедел-профилактикалық және рейдтік іс-шараларды жүргізуде. Мұндай шаралар оң нәтиже береді. Қабылданған осындай игі шаралардың арқасында ағымдағы жылы Жетісай ауданының аумағында кәмелетке толмағандар тарапынан бірде-бір қылмыс тіркелген жоқ.

Сонымен қатар, Жетісай АПБ ювеналды полиция тобының профилактикалық есебінде тұрған 28 кәмелетке толмаған және 11 аз қамтылған отбасылармен профилактикалық жұмыс жүргізілуде.

Жетісай ауданының полицейлері басты мақсат балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандар тарапынан құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алу, жасөспірімдерді құқыққа қарсы әрекетке тарту жайттарының жолын кесу және өскелең ұрпақты отансүйгіштік рухында тәрбиелеу болып табылатынын атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру