Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жасөспірімдердің құқық бұзушылықтары полицияның ұдайы бақылауында

Жаз бойы Петропавлда 52 ата-ана балаларының түнгі уақытта қыдырғаны үшін жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жазғы демалыс кезеңі – ювеналдық полицейлердің ерекше жауапты кездері, әсіресе қазіргі жағдайда. Індетті жаппай жұқтыру қаупіне байланысты жазғы демалыс лагерьлері мен басқа да бос уақытты өткізуді ұйымдастыру орындары жұмысын тоқтатқан, сондықтан жасөспірімдер тиісті қадағалаусыз қалуда. Петропавл қ. ПБ ЖПҚ бөлімінің ювеналдық полиция бөлімшелерінің қызметкерлері мұғалімдермен бірлесе үй-үйді аралауы – жұмыстың негізгі түрі болып отыр. Басты міндет – жасөспірмдердің әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауына жол бермеу. Тәжірибе көрсеткендей, бұған жасөспірімдердің қадағалаусыз қалулары себеп болып жатады. Мәселен, 16 жастағы жасөспірім полицейлердің назарына бірнеше рет іліккен, оның анасы баласының тәрбиесіне тиісті көңіл бөлмей, міндетін орындамағаны үшін, үш рет әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазіргі кезде жасөспірім ювеналдық полицейлердің ерекше бақылауында тұр, кезекті рет тәртіп бұзған жағдайда отбасына қатысты материал Петропавл қ. әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның қарауына шығарылады.

– Басты назарда – тұрмысы төмен отбасындағы және түрлі есептерде тұрған жасөспірімдермен жұмыс, – дейді СҚО ПД ЖПҚ басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбах. – Тұрақты түрде білім мекемелері, прокуратура органдары, еріктілер және қоғамдық ұйым өкілдерімен бірлескен рейдтер жүргізіліп тұрады. Мүдделі ведомстволардың және қоғамдық ұйымдардың қолдау көрсетуі өте маңызды, әсіресе, ата-аналардың балаларының бос уақытын ұйымдастыруға мүмкіндіктері жоқ, қазіргі қиын жағдайда.

Жазғы демалыс кезінде жасөспірімдердің түнгі қыдырыстарының 52 жағдайы анықталды. Кейде ата-аналары балаларын заңды өкілдері болып табылмайтын ересек туыстарына ерітіп жібереді. Сағат 23-тен кейін балалардың тек ата-аналарымен не заңды өкілдерімен үйден тыс жерде болуларына рұқсат етіледі. Жеті жағдай бойынша балаларының спирттік ішімдіктер ішкені үшін ата-аналарына жауап беруге тура келді. Бұдан басқа, бір ай ішінде жасөспрімдердің жоғалуының 21 фактісі тіркелді. Жасөспірімдерді өз бетінше үйінен кетуге өзінің еркіндігін және тәуелсіздігін көрсеткісі келетіндігі итермейлейді дейді полицейлер.

Жасөспірімдердің және оларға қатысты жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыс тұрақты түрде жүргізілуде және полиция басшылығының ұдайы бақылауында.

 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру