Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жол жүрісі қағидаларының 20 800 бұзушылығы анықталды

СҚО-да жыл басынан Жол жүрісі қағидаларының 20 800 бұзушылығы анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері мотоциклшілер тарапынан болатын бұзушылықтарды анықтау бойынша кенеттен түнгі рейдтік іс-шараларды өткізуді жалғастыруда. Сақшылар заңсыз қайта жабдықтауды, маневр жасау ережелері мен тыныштықты бұзуды ғана емес, жол қозғалысы қатысушыларының қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті бақылауға алды.

Қалалықтар мен қалаға жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындарынан мотоциклшілердің шуына қатысты полицияға бірқатар шағымдар келіп түскен. Олардың өтініштері мәліметке алынып, патрульдік полицейлер мотоқұмарларға байланысты рейдтерді күшейтті. Тек шілде айының басынан қалалық патрульдік полиция батальонының қызметкерлері түрлі құқық бұзушылықтар жасағаны үшін – 23, оның ішінде кешкі және түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін қос дөңгелекті мотокөліктердің жеті жүргізушісін жауапкершілікке тартты.

– Бүгінгі таңда Жамбыл көшесінде түнгі сағат 22.00-ден таңғы 7-ге дейін жүруге тыйым салатын 22 жол белгісі орнатылды. Бұдан басқа, әлеуметтік желілер арқылы келіп түскен шағымдар қаралып, патрульдік полиция Петропавл қаласында және Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылы маңында рейдтік шараларды күшейтті. Анықталатын бұзушылықтардың басым бөлігі – жүргізуші куәліктерінің болмауы мен техникалық байқаудан өтпеген көлікті басқару, – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Григорий Тыш.

Облыс орталығында бір кәсіби мотоклуб пен бір мото қауымдастық тіркелген. Тәртіп сақшылары мотосүйер қауымның өкілдерімен үнемі кездесулер өткізіп тұрады. Соңғы кездесу мотоәуесқойлар маусымының ашылуы алдында Жергілікті полиция қызметі басқармасында мамыр айында өткізілген. Клубтардың мүшелері тұрғындардың талап-тілектеріне түсіністікпен қарайды. Тыныштықты бұзатындар – негізінен көзқарастарына байланысты клубқа мүше емес жас мотоциклшілер екен. Қоғамның дәл осы санаты полиция рейдтері барысында ерекше бақылауға алынбақ. Жүргізушілердің қолында қажетті құжаттар мен техникалық байқаудан өткені туралы куәлік болуы тиіс. Полицейлер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексінің 437-бабына сәйкес сағат 22-ден таңғы сағат 9-ға дейін тыныштықты бұзу үшін бес айлық есептік көрсеткішке дейінгі көлемде айыппұл салынатындығын ескертеді.

Жалпы, алты айдың ішінде облыс жолдарында 80 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Олардың салдарынан 12 адам көз жұмып, 108-і жарақат алған. Жол жүрісі қағидаларының түрлі сипаттағы 20 895 бұзушылығы анықталыпты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру