Желдей жүйрік, елге қорған шабандоз полицей
Астана қаласы полиция департаменті патрульдік полиция мамандандырылған батальонының инспекторы Анарбек Досымбеков ұлттық спортты серік еткен тәртіп сақшысы., – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының тумасы ол бала күнінен ат спортына жақын болды. 10 жасынан бастап атқа мініп, шабандоздыққа машықтанды. Кейін көкпарға ден қойып, жарыстарға қатысып, тәжірибе жинады.
Қазір жаппай көкпардан өткен жарыстарда жеңімпаз атанып жүр. Көкпарға тән батылдық, ептілік пен төзімділік оның қызметінде де көрініс табады.

Көкпар алаңында ол Капитан атты тұлпарымен шабады. Қызметтік шені де – капитан, тұлпарының аты да – Капитан. Бұл сәйкестік оның өмірінде ерекше мәнге ие. Тұлпарымен бірге талай додада топ жарып келеді.
Бүгінде Анарбек Досымбеков ішкі істер органдарында 12 жылдан астам уақыт еңбек етіп, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосып жүр. Ол ұлттық дәстүрді өмір салтына айналдырып, кәсіби қызметімен қатар алып жүрген полицей.
Анарбек Досымбековтің айтуынша, ұлттық спорт – тек жарыс емес, ол ұлт рухын, батырлық дәстүрді және бірлікті дәріптейтін құндылық.
Ұлттық спорт күні – ата-бабадан қалған мұраны жаңғыртып, ұрпақ санасына сіңіруге мүмкіндік беретін мереке.
