Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісай тұрғыны ауылдастарының сиырларын ұрлап, сатып жіберген

Жетісай тұрғыны ауылдастарының сиырларын ұрлап, сатып жіберген, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оның жайылымда қараусыз жүрген төрт сиырын белгісіз біреу жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 1,2 млн теңгені құрады.

Аталған жайт ҚР КҚ-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша тіркелді.

Орын алған ұрлық қылмысын ашып, күдіктіні құрықтау мақсатында Жетісай аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілдері мен учаскелік полиция инспекторлары шұғыл әрекет етті. Олар көрген-білгендерден сұрастырып, оқиға орнына жақын аумақтарды аралады. Осылайша жинақталған ақпарат көздері арқылы бір тәулік ішінде күдіктінің жеке басы анықталды. Ол сотты болған, жергілікті тұрғын болып шықты. Оның жәбірленушінің малдарынан бөлек, тағы екі тұрғынның үш ірі қарасын жымқырғаны белгілі болды.

Тексеру кезінде анықталғандай, күдікті жайылымда қараусыз жүрген жәбірленушілердің барлығы жеті ірі қарасын айдап әкеткен. Содан танысының ГАЗель көлігімен сиырларды артып әкетіп, одан кейін көрші ауылға өзімнің малым деп сатып жіберген.

Полицейлер жәбірленушілерге тиесілі малдарды айғақты зат ретінде тәркілеп алды. Күдіктіден ақшаның бір бөлігі алынды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға отыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру