Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісайда ломбардты тонау сәті видеоға түсіп қалды

Жетісайда ломбард қызметкерін қарумен қорқытып, 1,2 млн теңге жымқырған күдікті қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz

Жетісай АПБ-ға қалада орналасқан ломбардтардың бірінің қызметкері арызданды. Оның айтуынша, жұмыс орнына кешкі  уақытта басына жаздық бас киім мен бетіне медициналық бетперде тағып алған белгісіз біреу кіріп, қарумен қорқытып, ақша талап еткен. Үрейі ұшқан жәбірленуші сол мезетте күдіктіге кассадағы 1,2 млн теңгені  ұстата салған. Оңай олжалы болған  сезікті оқиға орнынан ізін суытқан.

Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 191-бабы (Тонау) бойынша тіркеді. 

Аталған ауыр қылмысты ашу үшін полиция бөлімінің тәжірибелі қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылып, оқиға орнына шұғыл жетті. Полицейлер күдіктіні “ізін суытпай” құрықтау мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Нәтижесінде  бірнеше күн ішінде бейнебақылау камерасындағы жазба арқылы күдіктінің жеке басы анықталды.

Тәртіп сақшылары сезіктіні тұрғылықты мекенжайынан ұстап, полицияға жеткізді. Ол жұмыссыз, жергілікті тұрғын болып шықты.

Анықталғандай, күдікті тонау әрекетіне бармас алдын қаладағы бірқатар ломбардтарды бақылап шыққан. Содан жәбірленуші тараптың ломбарды кешкі дейін істейтіндігін біліп, аталмыш алтын қабылдау орнын тонауды діттеген. Барынша қараңғы түскенін пайдаланып, өз арам ойын жүзеге асырған. Сезікті өз сөзінде бұл әрекетке ақша қажет болғандықтан барғанын жеткізді. Ал айғақты зат ретінде күдіктінің пневматикалық тапаншасы алынды. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру