Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісайда медицина қызметкерінен 2 млн теңге ақша бопсалаған күдікті ұсталды

Жетісайда медицина қызметкерінен екі млн теңге ақша бопсалаған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісай аудандық полиция бөліміне медициналық мекемелердің бірінде жұмыс істейтін жергілікті тұрғын арызбен жүгінді. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз ер адам оны қорқытып, екі млн теңге бопсалаған.

Бұл жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 194-бабы 1-бөлігі (Қорқытып алу) бойынша Жетісай АПБ-ға тіркеді.

Қылмысты ашу мақсатында Түркістан облысы Полиция департаментінде Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының және Жетісай АПБ криминалдық полицияның тәжірибелі қызметкерлері қатарынан жедел-тергеу тобы құрылды.

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде полицейлер күдіктіні 1,5 миллион теңгеге жуық ақшаны алған кезде анықтап, ұстады. Ол Жетісай ауданының тұрғыны болып шықты. Заттай дәлел ретінде жедел уәкілдер ер адамнан ақша тәркіледі.

Белгілі болғандай, күдікті көрсетілген медициналық қызметке көңілі толмағанын алға тартып, медицина қызметкеріне ірі көлімдегі ақшамен бопсалап. Жоғары тұрған басшылыққа арыз жазып, оны жұмыстан шығартатынын айтқан. Қазіргі уақытта бопсалау жайты бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауда. Оқиғаның барлық мән жайы анықталып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру