Ақмола полицейлері халықаралық рейс автобусының жолаушыларын құтқарды
Ақмола облысы патрульдік полиция ротасының қызметкерлері аязда қалып қойған халықаралық рейс автобусының жолаушыларын құтқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
26 қарашада сағат 21:20 шамасында республикалық трассада, Астана – Ерейментау – Шідерті қатынасы Павлодар қаласы бағытындағы 187-шақырымда Шымкент қаласының 33 жастағы тұрғынының басқаруындағы Mercedes-Benz жолаушылар автобусы тежегіш жүйесінің істен шығуы салдарынан авариялық тоқтауға мәжбүр болды.
Жолаушылар автобусы ОҚО-Сарыағаш – Новосибирск халықаралық рейстік бағытымен жүріп келе жатты. Көлік салонында 12 жолаушы болды, оның ішінде төртеуі – әйел, үшеуі – бала және бесеуі – ер адам. Барлығы Өзбекстан Республикасының азаматтары. Осы уақытта Ақмола облысы ПД патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Манат Ахметов пен Әсет Ахметов республикалық трассаның қызмет көрсетілетін учаскесіне тексеру жүргізіп, ішінде жолаушылары бар автобус сынып қалғанын көрген.
Оқиға туралы ақпарат Ерейментау АПБ, ТЖБ полиция бөлімінің басшылығына және ЖПБ қызметкерлеріне берілді. Ерейментау ПБ әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Елемес Дахаевтың басқаруымен оқиға орнында ауа райының қолайсыздығынан зардап шеккен Өзбекстан азаматтарына көмек көрсету бойынша іс-шаралар дереу ұйымдастырылды.
Сағат 24:00 шамасында автобустың барлық жолаушылары Ерейментау қаласындағы Агротехникалық колледж ғимаратына эвакуацияланды. Онда олар ыстық шаймен және түнеумен қамтамасыз етілді. Жолаушыларды тексеру барысында олардың ешқайсысына медициналық көмек қажет еместігі анықталды.