Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісайда науқас аурухана қызметкерінің сөмкесін үптеп кетті

Түркістан облысының полицейлері аурухана қызметкерінің сөмкесін ұрлаған науқасты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісай ауданы ПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданып келген. Онда өзі жұмыс жасайтын ауруханадағы қызметкерлер бөлмесінде тұрған қол сөмкесін белгісіз біреу жасырын ұрлап, жалпы 50 мың теңге шығын келтіргенін көрсеткен. Аталған дерек ҚК 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркелді.

Хабар түсісімен тәртіп сақшылары ұрлық орын алған орынға жедел жетті. Көрген-білген куәлардан жауап алып, аурухана ішін толық тексеріп шықты. Сонымен қатар бейнебақылау камераларын мұқият бақылады. Полицейлердің жан-жақты жүргізген тексеру жұмыстарының нәтижесінде күдікті азамат анықталып, ұсталды. Ол жәбірленуші жұмыс жасайтын ауруханада ем алып жатқан жергілікті тұрғын болып шықты. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Белгілі болғандай ер адам оңай жолмен ақша табуды көздеп, ашық тұрған есіктен қызметкерлердің бөлмесіне кірген. Содан соң көзіне түскен сөмкені алып шығып, басқа бір бөлімнің бос тұрған палатасына кірген.

Сөмкені асығып ақтарып, қолына ілінген екі күміс жүзік пен банк карточкаларын жымқырып кеткен. Алайда полицейлердің қырағылығының арқасында ұрлық қылмысы дер кезінде ашылды.

Түркістан облысының полицейлері ескертеді, әмияныңызға, бағалы заттарыңызға, ұялы телефоныңызға барынша сақ болыңыз. Заттарыңызды көзге көрінетіндей жерде, ашық қалталарда сақтамаңыз. Егер, сіз де, ұрлық қылмысының құрбаны не куәсі болсаңыз, тез арада полицияның “102” нөміріне хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру