Жетісу облысында есірткі сататын нүкте жойылды
Жетісу облысында есірткі сататын нүкте жойылды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері Текелі қаласында арнайы операция жүргізді. «Бүркіт» арнайы жасағының көмегімен 38-жастағы есірткі сатушы ұсталып, одан бір келіден астам кептірілген марихуана тәркіленді.
– Іс-шара Қарасора жедел алдын алу іс-шарасы аясында жүргізілді. Күдікті 62,26 грамм марихуананы сату кезінде ұсталды. Сонымен қатар, жалпы салмағы бір келіден асатын есірткі оның тұрғылықты жерінен Мойнақ қызметтік іздеу итінің көмегімен қалалық сот санкциялаған тінту кезінде табылды. Ұсталған азамат бұрын ұрлық, алаяқтық және көлік ұрлау деректері бойынша бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған, – деді Жетісу облысы Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Аян Исабеков.
Жыл басынан бері облыс полициясының күшімен заңсыз айналымнан 40 келіден астам түрлі есірткі тәркіленді, оның ішінде екі келіден астамы – «синтетика». 22 есірткі сатушы ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды.