Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысында полиция тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді

Жетісу облысында полиция тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Алкогольді шамадан тыс тұтыну отбасылық жанжалдарға, денсаулықтың нашарлауына, тәуелділікке және құқық бұзушылықтардың жасалуына себеп болатын негізгі факторлардың бірі болып қала береді. Сондықтан мұндай келеңсіздіктердің алдын алу полиция қызметінің маңызды бағыттарының бірі саналады.

Ескелді ауданының Қарабұлақ кентінде полиция қызметкерлері прокуратура өкілдері және еріктілермен бірлесіп, сергек әрі заңға бағынатын өмір салтын насихаттауға бағытталған профилактикалық іс-шара өткізді.

Рейд барысында полицейлер кент тұрғындарымен кездесіп, алкогольді шамадан тыс тұтынудың кері салдары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Азаматтарды өз денсаулығын сақтауға, отбасы құндылықтарын дәріптеуге және қауіпсіз болашақты таңдауға шақырды. Сондай-ақ алкоголь өнімдерін өткізетін сауда орындарының иелеріне қолданыстағы заңнама талаптары мен оларды бұзғаны үшін көзделген жауапкершілік түсіндірілді.

Іс-шара аясында ішкі істер органдарының профилактикалық есебінде тұрған азаматтарға ерекше назар аударылды. Олармен жеке профилактикалық әңгімелер өткізіліп, құқық бұзушылықтардың қайталануына жол бермеу және заң талаптарын сақтау қажеттігі түсіндірілді.

Полиция Ескелді ауданының тұрғындарын сергек өмір салтын ұстануға, заң талаптарын мүлтіксіз сақтауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бірлесе атсалысуға шақырады. Заңға құрмет пен өзара жауапкершілік – әрбір елді мекеннің тыныштығы мен тұрғындардың әл-ауқатының негізі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру