Жетісу облысында жастарға есірткіге қарсы профилактикалық кездесу өтті
Жетісу облысында "Арыстан" спорт клубында полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырған профилактикалық іс-шара өтті. Кездесу барысында жастарға нашақорлықтың зияны, оның құқықтық және әлеуметтік салдары түсіндіріліп, салауатты өмір салтын ұстанудың маңызы кеңінен насихатталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жастармен және спортшылармен өткен кездесуге арнайы шақырылған қонақ — танымал блогер @optimist.hafiz қатысып, қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі саналатын нашақорлық тақырыбын қарапайым әрі түсінікті тілде қозғады. Кездесу барысында әлі қалыптасу үстіндегі жас сананың сыртқы орта ықпалына тез еріп, қауіпті жолға түсу қаупі ерекше атап өтілді.
Полиция қызметкерлері есірткі заттарын қолданудың салдарын жан-жақты түсіндіріп, тәуелділіктің адамның өмірін түбегейлі өзгертіп, болашағын бұлыңғыр ететінін және заң алдында жауапкершілікке әкелетінін ескертті. Сондай-ақ спорт саласындағы допинг мәселесіне де назар аударылып, қысқа мерзімді жетістік үшін таңдалған мұндай жолдардың адам денсаулығына орны толмас зиян тигізетіні айтылды.
Іс-шара барысында спорттың тек жеңіс пен жетістік қана емес, сонымен қатар табандылық пен төзімділікті талап ететін жол екені атап өтілді. Жарақат, жеңіліс пен қиындық — бұл әлсіздік емес, керісінше, тұлғаны шыңдайтын өмірлік сынақ екені түсіндірілді.
- Біздің басты мақсатымыз — тек ескерту жасау емес, жастардың бойында теріс ықпалдарға қарсы тұра алатын берік ұстаным қалыптастыру. Спорт пен дұрыс орта — есірткісіз өмірге бастайтын сенімді негіз, — деп атап өтті полиция өкілдері.
Жастарға салауатты өмір салтын ұстанып, тәртіп пен дамуды таңдауға үндеу жасалды. Спортпен айналысып, айқын мақсат қойып, соған табандылықпен ұмтылу — жарқын болашақтың кепілі екені баса айтылды.
