Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысында жыл басынан бері ЖКО саны 16,9%-ға төмендеді

Жетісу облысында жыл басынан бері ЖКО саны 16,9%-ға төмендеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісу облысы аумағындағы автожолдарда көлік апаты, жолаушылар өлімі мен түрлі дене жарақат алу көрсеткіштері төмендеді. Бұл полицейлер жүргізген талдау нәтижелерін растады. Жол сақшыларының ақпараты бойынша жыл басынан бері өңірдегі ЖКО саны 16,9%-ға төмендеген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жол-көлік оқиғаларына қатысты мәселеге ерекше назар аударды. Ол жол апаттарында қаза болғандар санын жыл сайын ірі елдімекен тұрғындарының тұтастай жоғалуымен салыстыруға болатынын айтып, елімізде оған жол берілмеу қажеттілігін ескертті. 

– Биыл облыстағы автожолдарда 482 ЖКО тіркелген. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда 98 жағдайға төмен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 137 адам қайтыс болып, 685 адам түрлі дене жарақатын алған. Салыстырмалы түрде, биыл қаза тапқандар саны 2,8%- ға және жарақат алғандар 26,4%-ға азайған. Әрине, бұл көрсеткіш сандардың төмендеуі апаттан зардап шеккендердің немесе қайтыс болған жандардың жақындарының қайғыларын жеңілдетпейтіні анық. Дегенмен, көлік ағынының тұрақты өсуіне қарамастан, өңір полициясы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағдайын тұрақтандыру үшін аянбай еңбек еткенін көрсетеді, – деді облыстық ПД ЖПҚБ бастығы Қайсар Мұхметов.

Өңірдегі автожолдарда патруль жасақтары көбейтілді. Олар жолдарды патрульдеумен қатар аса қауіпті жол учаскелерін жіті бақылауға алады. Тәртіп сақшыларының пікірінше, автожолдарда арнайы жарық шамдары қосылған полдиция көлігінің жүруі көлік жүргізушілерін жол ережелерін қатаң сақтауға шақырады, осылайша жол-көлік оқиғаларының алдын алуға жағдай жасайды.

Өңірде “ZEREK-2”, “Vidar SPEED-R” және “СЕРГЕК” бұзушылықтарды автоматты түрде бейнетіркеудің 33 камерасы орнатылған. Арнайы камералар көмегімен құқық бұзушылыққа жол берген көлік жүргізушілері де анықталып, тиісті жауапкершілікке тартылады. Соңғы ақпаратқа сәйкес, бейнетіркеу жүйелерінде тіркелген бұзушылықтар бойынша жол жүру ережелерін сақтамаған жүргізушілерге жалпы сомасы 1 млрд астам теңгеге әкімшілік айыппұл салынды.

– Әрине, айыппұлдар көлемін көтеру арқылы жазаны қатаңдату белгілі бір нәтиже беруі мүмкін. Дегенмен, апаттық жағдайды түзетуге қолда бар барлық күштер мен ресурстарды қолдану арқылы кешенді шаралар қабылдау қажет. Мысалы осы мақсатта өңір тұрғындары арасында бұқаралық ақпарат құралдары мен түрлі әлеуметтік желілер арқылы, сондай-ақ ескі нәтижелі тәсіл – тақырыптық буклеттер мен кітапшалар тарату, сонымен қатар көлік жүргізушілермен тікелей ашық диалог арқылы жол-көлік оқиғаларының алдын алу шаралары айтарлықтай жанданды. Сондай-ақ патрульдік қызметтегі заманауи технологиялар маңызды рөл атқарады. Осы жылы үш арнайы автокөлікке “Ekin Patrol” жүйесі орнатылды. Олар белгіленген жол учаскелеріндегі бекітілген қозғалыс жылдамдығын асыру бойынша құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейді. Соңғы бір жарым айда аталған автопатрульдер 150 астам бұзушылықты анықтап, жол ережесін бұзушыларға 4,5 млн теңге айыппұл салынды,– деп атап өтті Қайсар Мұхметов.

Сондай-ақ өңір полициясы ұшатын дрон аппараттарын пайдаланудың тиімділігін де атап өту қажет. Бұл мақсатта бүгінгі күні полицейлер апаттылық-қауіптілігі жоғары автожол учаскелерін патрульдеу үшін үш дронды іске қосты. Олар өңірдің автожолдарында, әсіресе Алматы – Өскемен республикалық автожолында ондаған құқық бұзушылықтарды тіркеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру