Жетісу полицейлері оқушылар арасында футболдан жарыс ұйымдастырды
Жетісу облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлініс қызметкерлері Көксу ауданы полициясының жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, оқушылар арасында футболдан жарыс ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған іс-шараға 100-ден астам адам қатысты. Іс-шараның мақсаты – есірткіге қарсы иммунитетті қалыптастыру, спорттық іс-шаралар мен “Спорт есірткіге қарсы” ұранымен салауатты өмір салтын насихаттау.
– Футбол – бұл жақсы дене шынықтыру дайындығы ғана емес, ол ұжымдық ойлауды дамытып, баланың көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді. Командадағы қарым-қатынастың арқасында балалар әлеуметтік дағдыларды, ерік-жігерді, сондай-ақ еңбекқорлықты жетілдіреді, осының барлығы тек футболда ғана емес, кез келген басқа спорт түрінде де жетістікке әкелетіні сөзсіз, – деп атап өтті Көксу АПБ ювеналды полицияның аға инспекторы Әсем Асильбекова.
Жарысқа қатысқан командалардан өзара ұжымдық сыйластық пен жауынгерлік достық рухы сезілді. Іс-шара соңында жеңімпаздар анықталды. Жүлделі бірінші орынды Талдықорған қаласының командасы, екінші орынды Қаратал ауданы, үшінші орынды Ақсу ауданы иеленді.
Жеңімпаздар облыстық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының және Көксу АПБ атынан бағалы сыйлықтарымен марапатталды.Тәртіп сақшылары осындай іс-шараларды ұдайы негізде ұйымдастырады. Олар қатысушылар мен командалар арасындағы достық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді. Мұндай жарыстардың басты мақсаты – балалардың барлық назарын заманға сай қазіргі әлемде дені сау тұлға болып қалыптасу сәнді және беделді екендігіне аудару.