Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жездесі мен қайнысы жайылымнан жылқы ұрлап,пайда көрмекші болды

Түркістан облысы полицейлері жайылымнан жылқы ұрлап, сатып отырған қайнысы мен жездесін ұстады,-деп хабарлайды Polisia.kz.
Төлеби аудандық полиция бөлімшесіне жергілікті 2 тұрғын арызданып, өздерінің жайылымда қараусыз жүрген 2 бас жылқыларын белгісіз біреулер ұрлап кеткенін айтып, шағымданды. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі 1 миллионнан астам теңгені құрады.
Аудандық полицейлер аталмыш мал ұрлығы бойынша шұғыл әрекет етіп, көрген-білгендерден сұрастырды. Жақын аймақтарды мұқият қарап шықты. Осы 1 апта аралығында алдын арызданған жәбірленушінің бірі тағы да шағым түсірді. Бұл жолы ұрылар 3 бас жылқысын ұрлап кетіп, оған 1 миллионнан астам шығын келтірген. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің
бірыңғай тізіліміне енгізіліп, Қылмыстық кодекстің 188-1-бабымен тіркелді.
Төлебилік тәртіп сақшылары 2 қылмысты да бір күдіктілер жасаған деген тұжырымға келіп, қарқынды түрде жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Осылайша, Шымкент қаласындағы бейнебақылау камералары арқылы ұрланған жылқыларды артып әкеткен көлік анықталып, жүргізушіден жауап алу барысында күдіктілердің жеке-бастары анықталды. Қайнысы мен
жездесінен құрылған қылмыстық топ құрықталды.
Тергеу барысында ақша қажет болған туыстар, оңай жолмен ақша табу мақсатымен алдын ала сөз байласып, жайылымдарда қараусыз жүрген жылқыларды жымқырғаны белгілі болды. Жылқыларды Шымкент қаласына апарып, сатып отырған. Екеуі де жергілікті тұрғындар. Күдіктінің
бірі Тараз қаласындағы ұрлыққа қатысты екені анықталды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.Өз кезегінде жәбірленуші тұрғын, полицейлердің жұмысына риза болып, жылқыларын жайылымнан жымқырып жүрген күдіктілерді ұстағанына ризашылығын білдірді.
Түркістан облысы полицейлері азаматтарға жайылымдық жерлерге малдарыңызды қараусыз жібермеңіздер деп ескертеді. Мүмкіндігінше сенімді адамдардан бақташы жалдауға кеңес береді.Себебі, кез-келген арам пиғылды жанның көзі бірінші кезекте қараусыз жүрген малдарға түседі.
Сондықтан төрт түліктеріңізге сақ болыңыздар.
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру