Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жезқазғанда "Заң мен тәртіп" тақырыбында оқушылар арасында дебат өтті

Жезқазған қаласындағы Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернатында "Заң мен тәртіп" қағидатын ілгерілету мақсатында мазмұнды дебаттық сайыс ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Оқушылар арасындағы пікірсайыс алаңында "Қатаң заң ба, әлде тәрбие ме – қайсысы маңызды?" деген өзекті тақырып кеңінен талқыланды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, сондай-ақ отбасылық тәрбие мен заң нормаларының өзара байланысын нығайту болды.

Дебат барысында заң үстемдігін жақтаған тарап мемлекеттің басты тірегі – құқықтық тәртіп екенін алға тартып, кез келген құқық бұзушылыққа "нөлдік төзімділік»"қағидатын ұстанудың маңызын атап өтті. Оқушылар заңның қатаңдығы мен жазаның бұлтартпастығы қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ететін негізгі фактор екенін нақты дәлелдермен жеткізді.

Екінші тарап өкілдері болса, кез келген құқықтық норманың түп-тамыры тәрбиеде жатқанын атап өтті. Олардың пікірінше, отбасындағы берік тәрбие мен ұлттық құндылықтар құқық бұзушылықтың алдын алуда аса маңызды рөл атқарады. Ізгілік пен әдепті бойына сіңірген жасөспірім құқыққа қайшы әрекеттерге саналы түрде бармайтыны айтылды.

Сайыс қорытындысы бойынша қатысушылар ортақ тұжырымға келді: заң мен тәрбие – бірін-бірі толықтыратын маңызды тетіктер. Тәрбиелі ұрпақ заңды құрметтейді, ал әділетті заң тәрбиелі қоғамды қорғайды.

Аталған іс-шара оқушылардың тек шешендік қабілетін ғана емес, олардың азаматтық ұстанымы мен құқықтық санасының деңгейін де айқындады. Тәрбие мен құқықтық нормаларды ұштастыру – парасатты, тәртіпті әрі заңға бағынатын жаңа буынды қалыптастырудың негізгі жолы екені атап өтілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру