Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жолдағы қауіпсіздік: СҚО-да велосипедшілерге түсіндіру жұмыстары күшейтілді

Солтүстік Қазақстан облысында "Велосипед" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысында велосипедшілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері профилактикалық жұмыстарды күшейтті.

Жыл басынан бері өңірде велосипедшілердің қатысуымен автокөліктер соқтығысқан 12 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Олардың салдарынан екі велосипедші көз жұмып, 10 адам түрлі жарақат алды.

 

Осыған байланысты Петропавл қаласында 6-8 тамыз аралығында "Велосипед" жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылуда. Шара барысында полицейлер велосипедшілер мен өзге де жол қозғалысына қатысушыларға қауіпсіздік талаптарын түсіндіріп, жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Тәртіп сақшылары жаяу жүргіншілер өткелінен велосипедпен өтпей, міндетті түрде одан түсіп, қолмен жетектеп өту қажеттігін еске салады. Себебі өткелде велосипедпен кенеттен пайда болу жүргізушінің дер кезінде әрекет етуіне мүмкіндік бермей, жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін.

Статистикаға сәйкес, биылғы жеті айда төрт велосипедші жол-көлік оқиғасына кінәлі болып, салдарынан бес адам жарақат алған. Сонымен қатар мопед жүргізушілерінің қатысуымен тоғыз жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 11 адам зардап шекті.

Жалпы, жыл басынан бері Петропавл қаласының өзінде жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысының өзге де қатысушылары тарапынан жол қозғалысы қағидаларын бұзудың 3009 дерегі анықталған.

Полиция "Заң мен Тәртіп" тұжырымдамасы аясында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастырып, тұрғындарды жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға және өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру