Павлодар тұрғыны полицейге алғыс білдірді
Павлодар тұрғыны полицейге алғыс білдірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласы полиция басқармасы Солтүстік полиция бөлімінің тергеу бөлімшесінің тергеушісі Сатиев Николайдың атына азаматтан кәсіби біліктілігі, қызметтік міндеттерін адал атқарғаны және ірі көлемдегі ақша ұрлығын сәтті ашқаны үшін шынайы алғыс білдірілген.
Өтініш иесі тергеушінің сауатты әрі жедел жүргізген жұмысының нәтижесінде қылмыстың дер кезінде ашылып, кінәлі тұлғаның анықталғанын атап өтті. Сондай-ақ оның өз ісіне жауапкершілікпен қарағанына, істің мән-жайын жан-жақты зерттегеніне, әділдікке ұмтылғанына және принципшілдігіне ерекше ризашылығын білдірді.
Тергеушінің қызметі жоғары кәсіби даярлықты, шыдамдылықты және толық жауапкершілікті талап етеді. Әрбір қылмыстық іс – дәлелдемелерді жинау, тергеу әрекеттерін жүргізу және заң талаптарына сәйкес процессуалдық шешімдер қабылдауды қамтитын ауқымды әрі жауапты жұмыс. Осындай кәсібилік пен адал қызметтің арқасында азаматтардың құқықтары қорғалып, қылмыс жасағандардың заң алдында жауап беру қағидаты қамтамасыз етіледі.
Солтүстік полиция бөлімінің басшылығы мұндай алғыс сөздер ішкі істер органдары қызметкерлерінің еңбегіне берілген жоғары баға екенін және олардың алдағы уақытта да қызметтік міндеттерін адал атқаруына қосымша ынталандыру болатынын атап өтті.
Азаматтардың сенімі мен алғысы – полиция қызметкерлерінің күнделікті еңбегінің нақты нәтижесінің және қоғамдағы заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесінің басты көрсеткіші.
