“Жүргізуші куәлігін жасап беремін”: атыраулық алаяқ 3 тұрғынды алдап кетті
Атыраулық алаяқ тұрғындарды алдап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау қаласы Полиция басқармасына 19 жастағы атыраулық тұрғын арызданған. Ол өз арызында жеке тұлғаның көлік жүргізуші куәлігін жасап беремін деп 100 000 теңге ақшасын алаяқтық жолмен алып, алдап кеткендігін көрсеткен. Көп ұзамай осыған ұқсас екі жайт тіркеліп, 19 жастағы екі азамат та арызданып, бірінен 60 мың, ал енді бірінен 90 мың теңге алып, хабарсыз кеткендігі туралы айтқан. Жәбірленушілердің айтуынша, өзіне жақсы таныс емес азамат алдап, жүргізуші куәлігіңді жасап беремін деп әбден сендірген.
Аталған жайт бойынша жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізу барысында Атырау қалалық полиция бөлімі Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлерімен Атырау қаласының 29 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды.
Қазіргі уақытта алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау деректері бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 1 және 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.