Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Биыл көлік объектілерінде камералар көмегімен 4600-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды

Жыл басынан бері көлік объектілерінде камералар көмегімен 4600-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Темір жол және әуе көлігі объектілері – стратегиялық объектілер әрі  құқық бұзушылыққа бейім жерлер болып саналады.

– Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті іс-қимылдарды жүргізу үшін көлік полицейлері заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды кеңінен пайдаланады. Вокзалдар мен станцияларда орнатылған бейнебақылау жүйелері, ең алдымен, қылмыстар мен құқық бұзушылықтың алдын алуға арналған, – дейді көліктегі полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев.

Ол қазіргі уақытта департаменттің қызмет көрсету учаскелерінде 13 500-ден астам, соның ішінде темір жол вокзалдарында 4769, аэропорттарда – 5834, ал жолаушылар вагондарында 2964 бейнебақылау камерасы орнатылғанын айтты. Аталған жүйелердің арқасында жыл басынан бері 68 қылмыс ашылған. Бірқатар қылмыстардың саны, яғни, тонау 57%-ға, бұзақылық 20%-ға, бөтеннің мүлкін ұрлау 16,4%-ға төмендеген. Сондай-ақ қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстардың саны 19%-ға, соның ішінде, алкогольдік мас күйінде 35,6%-ға және адамдар тобы жасаған қылмыстар 44,8%-ға төмендеген.

Бұған қоса, камералардың көмегімен 4695 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған, атап айтқанда ұсақ бұзақылық, қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктер ішу, белгіленбеген орындарда темекі шегу, қоғамдық орындарда тиісу, жалпы пайдалану орындарының ластануы және басқалар.  

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Астана станциясында  жұмыс істеп тұрған 1079  камера елорданың теміржол вокзалында болып жатқан оқиғаларды тәулік бойы бақылауға мүмкіндік береді, әрі ірілі-ұсақты құқық бұзушылықтарды анықтауға, сондай-ақ алдағы уақыттарда болуы ықтимал заңға қайшы әрекеттердің алдын алуға көмектеседі.

​- Цифрландыру – бұл полицейлер жұмысының ашықтығы мен қызметте тиімді нәтижелерге қол жеткізудің аса маңызды құралы, – дейді ведомства басшысы.

Сондықтан департамент пен оның желілік бөліністерінің қызметтік үй-жайлары да үздіксіз бейнебақылаумен қамтылған. Бүгінгі күні оларда барлығы 1000-нан аса камера орнатылған, сол арқылы нақты уақыт режимінде қызметкерлердің, сонымен қатар жұмыс процесінің басқа қатысушыларының да мінез-құлқын бақылауға болады.

​Б. Малыбаев 2022 жылы департамент “Қазақстан темір жолы “ҰК” АҚ-мен бірлесіп, ҚР темір жолында қауіпсіздік деңгейін және мүліктің сақталуын арттыру бойынша 2022-2024 жылдарға арналған жол картасын жасағанын жеткізді. Осы карта аясында пойыз локомотивтеріне де бейнебақылау камераларын орнату мәселесі қарастырылды.

​- Қазір полицейлердің қызметі құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Ең негізгі міндетіміз – “Заң және Тәртіп” қағидатын қамтамасыз ету. Бұған ішкі істер министрі Ержан Сәденов ерекше назар аударуда. ​​Басты мақсатымыз – әрбір жолаушының межелі жеріне қауіпсіз жетуі үшін қызмет көрсету учаскелерінде заң мен қоғамдық тәртіпті мүлтіксіз сақтау, – дейді Б. Малыбаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру