Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жыл басынан Петропавл көшелерінде 400-ден астам көлік апаты орын алды

Жыл басынан Петропавл көшелерінде 400-ден астам көлік апаты орын алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Петропавл көшелерінде күнде жол-көлік оқиғалары жасалады, салдарынан көліктер зақымдалады немесе жол қозғалысы қатысушыларының денсаулығына жеңіл деңгейде зиян келтіріледі. Бұған себеп – маневр жасау кезінде жүргізушілердің қырағылық танытпауы. Мәселен, жол қозғалысы реттелмейтін М. Жұмабаев және Брусиловсикий көшелерінің қиылысында “Skoda” көлігінің жүргізушісі бір қатардан екінші қатарға ауысқан кезде жасап жатқан маневрінің қауіпсіздігіне көз жеткізбей, “Audi” көлігімен соқтығысқан. “Skoda” көлігінің жүргізушісіне қатысты полицейлер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабы (Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылығы) бойынша материал жинастырды.

– Бұл жасалатын жол-көлік оқиғаларының ең көп кездесетін себебі, – деді Петропавл қ. Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин. – Жиі кездесетін бұзушылықтардың қатарында – қиылыстан өту реттілігін бұзу және арақашықтықты сақтамау да бар. Жол қозғалысы қатысушыларын аса сақ болуға және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз. Апатты жағдайда барынша қауіптен сақтану мақсатында қауіпсіздік белдіктерін пайдалану қажеттігі туралы ескертеміз. Көлік тізгінінде телефонмен сөйлесуден бас тартқан жөн – көлік құралын басқару кезінде жүргізуші қажетті әрекеттен бір секундқа кешігіп қалса, жол-көлік оқиғасы орын алуы мүмкін.

Үш айдың ішінде Петропавл жолдарында ҚР ӘҚБтК 610-бабы бойынша 448-ден астам факті тіркелді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру