«Мүгедектікке шығарып беремін»: Түркістан облысында 11 тұрғынды алдаған әйел қолға түсті
Түркістан облысында мүгедектікке шығарып беремін деп 11 тұрғынды алдаған әйел қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz
Төлеби аудандық полиция бөліміне арызданып келген жергілікті тұрғын алаяқтықтың құрбаны болғанын жеткізді. Оның айтуынша, сырттай танысы мүгедектікке шығарып беремін деп сеніміне кіріп, 2021 жылдың желтоқсан айында 300 мың теңге ақша алады. Содан арада 1 жылға жуық уақыт өтсе де, уәдесін орындамай, не ақшасын қайтармайды. Дәл осындай арызбен полицияға бірнеше әйел шағым түсіріп, алданғандарын көрсетті.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді.
Хабар алысымен төлебилік полицейлер жедел әрекет етті. Тұрғындарды алдап, ақшасын алып кеткен сезіктіні қолға түсіру бағытында қарқынды іздестіру шараларын жүргізді. Алаяқтық қылмысын ашу мақсатында жәбірленушілерден нақты ақпараттар алды. Келіп түскен ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басы анықталып, полицияға жеткізілді. Ол жұмыссыз әйел, жергілікті тұрғын болып шықты.
Бұл алаяқтық қылмысы бойынша жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізіліп, әйелдің 11 тұрғынды алдап, алты миллион теңгеден аса қаражат алғаны белгілі болды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.