Шымкентте көші-қон заңнамасын бұзған 87 шетелдік анықталды
Шымкентте көші-қон заңнамасын бұзған 87 шетелдік анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Қ.С.Дәлбековтің нұсқауына сәйкес, Шымкент қаласы аумағында “Пәтер” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шараның басты мақсаты – қоғамдық тәртіпті сақтау, көпқабатты үйлердің әрбір пәтерін, аулаларды, жеке үйлерді аралап, онда тұрып жатқан адамдар жайлы ақпарат білу. Сондай-ақ қару иелерін, ІІО-да есепте тұратын тұлғаларды тексеріп, заңсыз көші-қонның жолын кесу болып табылады.
Шара барысында учаскелік полиция инспекторлары қала аумағында орналасқан 1630 пәтер мен жеке тұрғын үйлерді аралады. Оның ішінде жалға берілетін пәтерлер тексеріліп, онда тұрып жатқан 378 азаматтың тіркеусіз тұрып жатқаны анықталды.
Бұған қоса 964 қару иесі тексеріліп, қаруды тіркеу және сақтау тәртібін бұзғаны үшін 24 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңсыз тіркелмеген бір қару тәркіленіп алынды.
Көші-қон заңнамасын бұзған 87 шетел азаматына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы (Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Аудандық Полиция басқармалары мен учакелік полиция пункттеріне барлығы 446 тұлға жеткізіліп, қол саусақ іздері алынды.