Абай облысында аяқ киімге тапсырыс берген әйел “тосын сый” алды
Жаңа аяқ киім Абай облысының тұрғыны үшін киноның сюжетіндей болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2 желтоқсанда Үржар полиция бөлімінің «102» жедел арнасына 59 жастағы әйелден хабарлама келіп түсті. Ол 30 қараша күні бір жұп аяқ киімге тапсырыс бергенін, алайда сол күні тапсырысты алған кезде аяқ киімнің орнында өсімдік тектес ерекше иісі бар жасыл түсті зат болғанын хабарлайды.
Тәртіп сақшылары бірден жедел-іздестіру іс-шараларына кірісті. Одан соң қорапты алушы курьердің шатасып, аяқ киім салынған қорап келгенін айтып, полицияға хабар берген әйелмен сөйлескен.
Содан полиция қызметкерлері қаскөйдің ізіне түсіп үлгереді, нәтижесінде “ізін суытпай” сәлемдемені қабылдап алушыны анықтайды.
Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында полиция қызметкерлері аудан орталығында 34 жастағы жұмыссыз ер адамды ұстаған. Кідіріссіз жеке тінту жүргізу барысында одан ерекше иісі бар өсімдік тектес заты бар скотчпен оралған картон қорап тәркіленді. Қаскөйдің үйін тінту барысында өсімдік тектес және ерекше иісі бар скотчпен оралған 4 ұқсас қорап табылып, тәркіленеді.
Сараптама көрсеткендей, зерттеуге ұсынылған зат салмағы 72 келіден асатын кептірілген марихуана екені анықталды. Қазіргі уақытта осы қылмысқа қатысы бар сыбайластарды анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.