Қостанай облысының полицейлері өткен жылы жасалған мал ұрлығын ашты
Қостанай облысының полицейлері өткен жылы жасалған мал ұрлығын ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
27 қаңтарда Қарасу ауданының криминалдық полиция қызметкерлері Федоров ауданының аумағында мал ұрлығына қатысы бар деген күдіктіні ұстады.
Қылмыс өткен жылы Федоров ауданы Дорожное ауылында жасалған. Жайылымнан үш бас қой ұрланған. Келтірілген шығын көлемі 210 мың теңгені құрады.
Бұрын жасалған қылмыстарды ашу аясында жұмыс істеген полиция қызметкерлері күдіктіні ұстады. Ол Қостанай қаласында тұратын бұрын сотталған 36 жастағы ер адам болып шықты. Белгілі болғандай, ұрланған малдарды облыс орталығында сатқан.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде ұрланған мүлікті өткізу орны анықталу үстінде. Сондай-ақ аталмыш қылмысқа қатысы бар деген өзге де күдіктілер іздестіріліп жатыр.
Полиция мал ұрлығын, оның ішінде бұрын ашылмаған осы қылмыс түрін жасаған адамдарды анықтау жұмыстары тұрақты негізде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жыл басынан бері облыста мал ұрлығымен байланысты 5 қылмыс ашылды.
Мәселен, Денисов ауданында полиция қызметкерлері 3 жылқыны ұрлаған жергілікті тұрғынды жедел ұстады.