Қостанай облысының полицейлері көлік ұрысын жедел түрде ұстады
Қостанай облысының полицейлері көлік ұрысын жедел түрде ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Меңдіқара ауданының Татьяновка ауылында жергілікті серіктестіктердің бірінің аумағынан JAC T6 автокөлігі ұрланған.
Полицейлер бірден бекеттер қойып, «Автоураган» жүйесі арқылы іздеуді бастады. Меңдіқара және Қостанай аудандарының полицейлері бірлесіп, өтініш келіп түскеннен кейін бір сағаттың көлемінде автокөліктің орналасқан жерін анықтады.
– Өтініш келіп түскеннен кейін жеке құрам ұрланған көлікті іздеуге бағытталды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бұрын сотталмаған 23 жастағы күдікті ұсталды. Ол көлік тұрған нысанның ашық есіктерін көріп, тұтану құлпындағы кілттерді пайдаланып, оны ұрлаған. Автокөлік Қостанай ауданының аумағында техникалық жарамды күйде тоқтатылды, – деді Меңдіқара ауданы бастығының жедел жұмыс жөніндегі орынбасары Ермұхамбет Жылыспаев.
Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 200-бабы 1-бөлімі (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.