Қостанай облысының полицейлері Ақтауға жолға шыққан кәмелетке толмаған қыздарды ата-аналарына қайтарды
Қостанай облысының полицейлері Ақтауға жолға шыққан кәмелетке толмаған қыздарды ата-аналарына қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
12 ақпанда сағат 22:50 шамасында «102 » пультіне 16 және 13 жастағы кәмелетке толмаған 2 қыздың үйден кеткені туралы хабарлама келді. Олардың ата-аналары полицейлерге Тобыл станциясынан Ақтау қаласына кетуі мүмкін екенін хабарлады.
Хабарлама келген бойда Рудный қаласының тәртіп сақшылары пойызды тексеріп, вагондардың бірінен жоғалған қыздарды тапқан полицияның желілік бөліміндегі әріптестерімен бірден байланысқа шықты.
Ақтөбе облысының Айка станциясында кәмелетке толмағандар пойыздан түсірілді. Қамысты ауданының полиция бөліміне жіберіліп, сол жерден үйлеріне жеткізілді.
– Қыздар өздерінің бұл әрекеттерін жазда Рудныйда танысқан Ақтаудағы достарына барғылары келгенін айтып түсіндірді. Іздестіруге полицейлердің үлкен тобы жұмылдырылды. Нәтижесінде екі сағаттан кейін біз олардың орналасқан жерін анықтадық, – деп атап өтті Рудный қаласының кәмелетке толмағандар жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Ақылжан Сәрсембаев.
Кәмелетке толмағандардың ата-аналары балаларды үйге аман-есен жеткізгені үшін полицейлерге алғыс айтты.