Талдықорғандық алаяқ Қарағанды облысының тұрғындарын 13 млн теңгеге алдап кеткен
Талдықорғандық алаяқ Қарағанды облысының тұрғындарын 13 млн теңгеге алдап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция бірқатар алаяқтық жасады деген күдікпен 22 жастағы Талдықорған қаласының тұрғынын ұстады. Тергеу материалдарында жәбірленушілер ретінде Қарағанды облысының 6 тұрғыны бар, олар жалпы 13 млн теңгеге жуық ақшалай жинақтарынан айырылған.
Алаяқтықтың барлық эпизодтары ақшалай несиелеумен байланысты.
– Күдікті жәбірленушілерге тауар несиесін ресімдеп, оларға керемет бонустар уәде еткені белгілі болды. Яғни, несие сомасы неғұрлым көп болса, соғұрлым бонустар да көп болады. Олардан ақша аударымдары түскеннен кейін, іс жүзінде тауарларды ресімдеген және сатып алған, содан кейін ол өз бетінше тауарларды сатқан. Клиенттерді табуға оның танысы көмектескен. Алайда, сол танысы да алаяқтықтың құрбаны болған, – деді Жетісу облысы ПД КПБ бастығы Қайрат Журунов.
Тіркелген фактілер бойынша тергеу амалдары ҚР ҚК 190-бабының 2-бөлігіне (Алаяқтық) сәйкес жүргізіледі.