Қарағандылық полицейлер толғағы қысқан әйелді қызметтік көлікте босандырып алды
Қарағандылық полицейлер толғағы қысқан әйелді қызметтік көлікте босандырып алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
23 ақпан күні Қарағанды қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция полкінің қызметкерлері Медет Төлегеновпен Берік Кеңесов қоғамдық қауіпсіздікті қадағалау бойынша Жаңа-Майқұдық аумағында қызметке түсті. Сағат түнгі 24:00 шамасында полиция қызметкерлеріне жедел басқару орталығынан сол аумақта орналасқан шағын аудандандағы көп қабатты үйлердің бірінде отбасылық жанжал болып жатқаны туралы хабарлама түсті. Мекенжайға келген полиция қызметкерлері әйел адамды көрген. Азаматша жолдасымен ұрысып қалғаны, кейін татуыласып, бір-біріне ешқандай өкпе-назы жоқ екенін айтқан.
– Біз әріптесіміз екеуіміз сол мекенжайда тұрғанымызда бізге бір азамат келді. Ол әйелінің толғағы қысып жатқанын және оларды тез арада перзентханаға апаруын өтінді. Азаматшаның толғақ алды су кетіп жатқанын, міне-міне босанатынын білдік. Жедел жәрдем шақырғанымызбен оның қай уақытта келетіні белгісіз болды. Сондықтанда біз азаматшаны қызметтік көліктің алдына, ал жолдасын артына отырғызып бірден перзентханаға бағыт алдық. Бірнеше жүз метр жүре бергенімізде азаматша көлікті тоқтатуын және толғақтың басталып кеткенін айтты, – дейді Медет Төлегенов.
Полиция қызметкерлері абдырап қалмай, бірден толғағы қысқан азаматшаға медициналық көмек көрсетті. Арада бірнеше минут уақыт өткенде азаматша аман-есен қызметтік көлікте өмірге сәби қызды алып келді. Полиция қызметкерлері анамен баланы перзентханаға апарып, дәрігерлердің қарауына тапсырды.
– Полиция қызметкерлері жылдам әрекет жасап азаматшаны перзентханаға әкелді. Олай болмаған жағдайда анамен баланың өміріне қауіп төнер еді. Олардың жанында нағыз кәсіби шебер және жүрегі кең азаматтар болды, – деген жазбаны перзентхананың Instagram әлеуметтік желісінде дәрігерлер қалдырды.