Маңғыстау облысы ПД-да Халықаралық әйелдер күніне орай мерекелік іс-шара өтті
8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Polisia.kz редакциясы ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында адал қызмет етіп жүрген нәзік жанды полицейлер жайлы ақпарат ұсынады.
Маңғыстау облысы полиция департаментінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Полиция департаменті басшылығы мен жеке құрамының қатысуымен өткен шарада ең алдымен ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың ішкі істер органдарындағы нәзік жандыларды құттықтау хаты оқылды.
Облыстың бас полицейі Аян Сабитұлы құқық қорғау саласындағы қиын да ауыр қызмет жүгін арқалап жүрген аруларға және ішкі істер органдары ардагер әйелдеріне өз құттықтау сөзін арнап, әрі қарай жеке құрамның әйел қызметкерлеріне мінсіз қызметтері үшін алғысын білдіріп, ішкі істер министрінің және өз атынан марапаттарын табыстады. Ішкі істер органдарының ардагер әйелдеріне де ерекше ілтипатпен алғыс хаттар табыс етілді. Ішкі істер министрі құзырымен 14 маңғыстаулық әйел полицейлер марапатқа ие болды.
Сонымен қатар мереке қарсаңында Маңғыстау облысы полиция департаментінің ұйыдастыруымен “Полиция аруы – 2023” байқауы өткізілді. Байқауда маңғыстаулық полицияның 10 аруы бақ сынасқан болатын. Мерекеге орай өткізілген салтанатты шара барысында байқау қорытындысы бойынша жеңіпаздар марапатталды. Барлық қатысушыға бірдей бағалы сыйлық қол сағаттар табысталды.
Мерекеге орай ұйымдастырылған шара әуезді әнмен жалғасын тауып, арнайы дайындалған мерекелік өнер көрсетулермен жалғасты.